Егемендік ел бірлігімен еңселі
Биыл еліміз арайлы Азаттықтың отыз жылдығына қадам басты. Осыған қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жылдың алғашқы күндерінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын зор тебіреніспен оқып шықтым. Қазақстан Президенті мақалада біз үшін Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ екенін атап көрсетіп, айтулы датаға орай биылғы он екі ай толымды істерге толы болуға тиіс екенін айтты.
Мақала бірнеше бөлікке бөлінген. Оның ішінде «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым» бөлімдерінде егемендіктің қазаққа оңай келмегендігі, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі сындарлы шешімдер мен жарқын істер баяндалған. Бұл тұста енді ғана еңсе тіктеген елді аяққа нық тұрғызып, болашаққа байыпты бағдар қалыптастырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін атап өтуіміз керек. Осы ретте, маған Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасымен қызмет бабында 4 рет жүздесудің сәті түскенін атап өткенім жөн.
Жалпы, егемендіктің отыз жылдығын үш ондық деп санасақ, осы уақыт аралығында мемлекетіміздің іргетасы берік қалыптасып, қарышты өсіп-өркендеу кезеңінен өтіп келеді. Ата Заңымыз қабылданып, шекарамыз шегенделді. Стратегиялық бағытымыз айқындалып, қыруар жұмыстар атқарылды. Мұның барлығы Азаттықтың арқасы екенін естен шығармаған жөн. Осыны меңзеген Мемлекет басшысы Тәуелсіздік құндылығын жастар білуі тиістігіне тоқталды.
Сондай-ақ, айтулы жылға нақты бағыт-бағдар берген мақала қастерлі Азаттықты тек бекем бірлік пен тындырымды тірліктің нәтижесінде сақтайтынымызды ерекше атап көрсетті. «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» – деді мақала түйінінде Қазақстан Президенті.
Демек, біз аз ғана уақыт ішінде алпауыт мемлекетке айналған елімізді сақтау үшін тұтастықтық пен ынтымағымыздан айнымауымыз қажет. Ел бірлігі бекем болса, Тәуелсіз Қазақстанның дамуы қарқынды болатыны сөзсіз.
Қамар РҮСТЕМОВ,
еңбек ардагері,
«Сырдария ауданының Құрметті азаматы»