Тегіне тартқан Түлкібай
Аудан төңірегінде «Күмісқорған» қалашығының орны бар. Қазір «Шіркейлі» каналының жағалық жарынан аласа, Шаған ауылы мен Ақжарма ауылының шекарасында, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойындағы Іңкәрдария елді мекеніне бұрылыста орналасқан. Мұны «Күміс асар» деп те атайды. Бұған жақын жерде «Күміс көл» деген көл орны да бар. Негізінен, аттас осы екі орынның аталуы бір-бірімен тығыз байланысты.
«Күмісқорған» Шаған ауылына 8 шақырым жерде тұр. Бұл осы аумақтағы асарлардың орталығы болған. Оның уақыты ескерткіш тақтада «І-ҮІ-ІҮ ғасырлар», ескісінде «Орта ғасырда салынған» делінген. Шіркейлі каналының жағасындағы қорғанды зерттеушілер қоқандықтардың қорғаны деп, 1818 жылы салынған дейді. Этнограф ғалым Тынышбек Дайрабай «Сыр перзенттері кітабында» «Күмісқорған – қоқандықтар қорғаны. Қоқандықтар мен хиуалықтар шекарасында 1818 жылы салынған. Күмісқорған қалдығы Сырдария (Тереңөзек) ауданының Ақжарма мен Шаған ауылының шекарасында Шіркейлі каналының жағасында сақталған. Қалашық төртбұрышты квадрат әдісімен салынған. Биіктігі 3-5 метр, кейбір жерлері 4,5 метрге жетеді. Күмісқорғанның аумағы 35х35 метр. Айналасында қарауыл мұнаралары болған. Мұнда зеңбіректері бар қарулы әскер тұрған. Күмісқорған Ақмешіт пен Қуаңдария арасындағы қазақ ауылдарына билік жүргізу мақсатында салынған. Қорғандағы билік басындағылар елден құшыр, зекет жинап және әрбір отбасынан 1,5 теңге күміс ақша түтін пұл салығын алып тұрған. Қорғанның «Күмісқорған» аталуы туралы түрлі аңыз-әңгімелер сақталған. Соның бірі зорлықпен келген Күміс атты қазақ қызының ауылдастарына көмегі айтылады. Қорғанды Бұқарбай, Тоғанас, Түлкібай батырлар шапқан. 1852 жылдың 8 тамызында орыс армиясының полковнигі И.Ф.Бларамберг Күмісқорғанды басып алады. Оған қазақтар да көмектескен. Бұл жайлы полковниктің «Естеліктер» атты кітабында жан-жақты айтылады» деп мәлімет берген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Бақытжан Ахметбек те өзінің «Ел қорғаны – Түлкібай батыр және Сыр бойындағы Алаша руының батырлары» атты зерттеу мақаласында да «Күмісқорғанның» 1818 жылы салынғанын растайды.
Қорғанның аумағы 35-40 метр шамасында. Солтүстік бөлігінде цитадель орналасқан және кешенді айнала бекініс қамалы қоршап жатыр. Цитадельдің сақталған биіктігі 5 метр. Оның құрылысына саз пайдаланылған. Қамалдың сыртынан айнала ор қазылған. Қорғанның солтүстік-батыс бұрышында «Осы Күмісқорғанда Түлкібай Жаңатайұлы Қоқан бегі Ниязбектің қазақ намысын таптағаны үшін 1853 жылы басын алған» деген жазумен белгі қойылған. Мұны шағандық еңбек ардагері Рамазан Аханұлы сұрағанымызда: «Біздің бала кезімізде Шағанның батысындағы 211 деген жерде малшылар отырды. Міне, сол шақта біз осы «Күмісқорғанның» айналасында ойнап жүретінбіз. Ол кезде қорған қақпасының слемі бар еді. Қазір көміліп қалыпты. Әйтеуір, «Алашадан шыққан батыр Қоқан бегін өлтірген» деген аңыз-әңгімені үлкендерден естігенім бар» деді.
Қазақтың батыры туралы Бақытжан Ахметбек жоғарыда аталған мақалада: «Түлкібай батыр Жаңатайұлы қазіргі Қызылорда облысы Сырдария ауданы жерінде ХІХ ғасырдың 1-ші жартысында өмір сүрген. Батырдың бейіті Қызылорда облысы Сырдария ауданында. Түлкібай Жаңатайұлы батырлығымен қоса елін билеген білікті би болған тарихи тұлға. Елі мен жерінің азаттығы үшін Қоқан, Хиуа хандықтарының басқыншыларымен күрескен. Тегі – Алшын-Байұлы-Алаша-Алтыбас аталығынан... Түлкібай батыр қоқандықтардың осы Күмісқорған қорғанының бегі Ниязға қарсы қол бастайды. Көмекке жерлестері, Сыр бойының батырлары Шөмекейдің батыры Тоғанас Бәйтікұлы мен Табынның батыры Бұқарбай Естекбайұлын (1812–1898) шақырады. Осы уақытары Күмісқорған бекінісінің ішінде ме, бекіністің маңайында ма аударыспақ сайысы өткізіліп жатады. Аударыспақ сайысы – қазақ халқының ХІХ ғасырдағы жекпе-жек спорт түрлерінің бірі. Міне, осы аударыспақ сайысында қазақтың Түлкібай батыры Күмісқорған қорғанының иесі, қоқандық Нияз бекпен сайысқа түседі. Түлкібай батыр Нияз бекті атынан аударып құлатып, оның атын алады, яғни Түлкібай батыр сайыста жеңіске жетеді» деп келтірген.
Т.Дайрабай 2005 жылы «Сырдың сырлы сыры» атты кітабының 122-бетінде былай деп жазады: «Қоқан бегі Нияз Түлкібайға кек сақтап, батырды өлтіріп, ауылын шабады. Осы оқиғадан кейін Шөмекейдің Тоғанас батыры келіп, Қоқан бекінісін шауып, Ниязбекті өлтіріп кетеді»...
Түлкібай батырдың қазасы жөнінде Қызылорда облыстық мұрағатының №885 қорының 2 тіркеу, 1-ші іс құжатынан да мәлімет табылды. Орынбор генерал-губернаторына 1853 жылдың 13 шілдесінде генерал-майор Ладыженскидің жіберген хатында: «1853 жылы мамыр айында 2000 шаңырақ қазақтар Шеңгел шатқалына бара жатқан кезінде Сырдария бойындағы Киіктөбе шатқалында қарақалпақ биі Лепес 300 қоқандықтармен аяқ астынан шабуыл жасайды. Қоқандықтармен болған ұрыста Алаша руының биі Түлкібай Жаңатаев қазаға ұшырайды. Қоқандықтар 500 шаңырақ қазақты өзімен бірге, Ақмешітке апарып, олардың аттарын және басқа да малдарын тартып алып, өздерін Көкжиде шатқалына жібереді» – деп жазған. Есіл Ер Түлкібай батыр елі үшін, жері үшін қоқандықтармен болған ұрыста жау қолынан қаза болады. Түлкібай батырдың артында Баймен атты ұлы қалады. Байменнен Оспан, одан Иманғали, одан Сапар дүниеге келеді. Қазіргі уақытта Түлкібай батырдың ұрпақтары Сыр өңірінде, Алматы қаласында тұрып жатыр» деп жазады.
Ер Түлкібай туралы ауыл ақсақалы Сақтаған Есжанұлынан да арнайы сұраған болатынбыз. Ол кісі ел аузында жүрген аңыз-әңгімені айтып берді.
Күмісқорған Қоқан хандығының нағыз орталығы болған. Қоқан билігі кезінде олар қазақтарға тыныштық бермеген. Салық салып отырған. Қазаққа билігін жүргізіп отырғаннан кейін Күмісқорғанның бегі Нияз күн сайын қазақтың қаракөз қызы мен бір қойды әкеліп беруді талап етеді. Бұдан халық әбден азар көреді. Оң жағында отырған қызды жатқа кім қиған?! Осыған ыза болған Түлкібай қылышын ішіне тығып, қызша киініп, «Күмісқорғанға» барады. Барғаннан соң қоқандық бекті өлтіріп, сарбаздарын да талқандайды. Негізінде, қай кезең болмасын ел арасына іріткі салып жүретін сатқындар болған. Олар әркез басқыншы ел жағында болып, қалауын орындап отырады. Қоқандықтарға көмектесіп жүрген сондай сатқынның бірі батырдан жалбарынып жанына араша сұрайды. Ер Түлкібай оны үлкен шойын қазанның астына бастырып кетеді. Қоқан әскері келгенде әлгі жандайшап бектің басын Түлкібай алғанын жеткізеді. Содан қоқандықтар батырдың ізіне түсіп, өлтірген. Бұл – осы төңіректі мекен еткен елді мекен тұрғындары білетін аңыз әңгіме.
Байқағанымыздай, Түлкібай батырдың Қоқан бегінен кек алғаны туралы аңыз-әңгімелер көп. Осылардың негізінде ғылыми зерттеу жүргізілсе, мұның астарында тұнып тұрған тарих жатқаны анық. Сондықтан этнограф ғалымдар мен зерттеушілерге бұл жер тарихы ашылмаған тарихи орын.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ