Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОҚАН БИЛІГІНЕН ҚАЛҒАН ҚОРҒАН

ҚОҚАН БИЛІГІНЕН ҚАЛҒАН ҚОРҒАН

Аудан төңірегінде «Күміс қорған» қалашығының орны бар. Қазір «Шіркейлі» каналының жағалық жарынан аласа болған қорған Шаған мен Ақжарма ауылы арасында орналасқан. Мұны «Күміс асар» деп те атайды. Бұған жақын жерде «Күміс көл» деген көл орны да бар. Негізінен, аттас осы екі тарихи орын бір-бірімен тығыз байланысты.
«Күміс қорған» аумағы төрт жүз шаршы метрдей келетін, биіктігі жер бетінен бес метрдей көтерілген, төрт бұрышты айналдыра үйілген жердің үстіне жұмбаз балшықтан өрілген қорған болған деседі. Дуалы 1950 жылға дейін болған. Кейін «Шіркейлі» каналы қазылып, соңғы кездердегі су тасқынының әсерінен бұзылып, дуалдары құлап, жер мен жексен болып кетіпті. Көнекөз қариялардың айтуынша, «Күміс қорған» қазақтың Сыр өңірін Қоқандар билеген кезде салынғанға ұқсайды.
Тарихи деректерге қарағанда, Сыр бойын Қоқан хандығы, ал қарақалпақ жағын Аралға дейін Хиуа хандығы билегені белгілі. Қарақалпақ елі Хиуа билігінің, соңынан Өзбек республикасының бір бөлігі ретінде Кеңес үкіметі орнағанға дейін келді. Сыр бойын билеген Қоқан үстемдігі XIX ғасырдың алғашқы жартысында жойылғаны да тарихтан белгілі. Ал өзбектердің Сыр бойын жаулап алуы шамамен XVIII ғасырдың екінші жартысы болса керек. Ол кезде өңірге қоныс тепкен ел қыста Сырға құлап, жазда «Қарақұм», «Арысқұм», «Сары су», «Қаратаудан» өтіп, көшіп-қонып жүрген.
Қазақтардың бытыраңқылығын пайдаланған өзбек бектері Сыр бойындағы отырықшы жатақтарды өзіне бағындырып, шәһәрлі жерлерге бекініс салған. Елде не болмайды. Сол кезде де жылпостар өзбек бектеріне қызмет етіп, жағымпаз болған. Қазір салыстырып қарасақ, сол өзбек халқы қазақты билеп, ашық түрде әмірін жүргізді деу қиын.
«Күміс қорған» қоқан өзбектерінен қалған. Қызылордадағы «крепость» деп аталатын «Ескі базардың» қасындағы қорғанда кезінде өзбек билеушілері тұрса, оның елден салық жинаушы бектері де кезінде өзінің қауіпсіздігін сақтап бекініс салдырған. Міне, сондай қорғанның бірі – осы «Күміс қорған». Қай кезде де жаулап алушының күшті болатыны айқын. Сырдарияның оңтүстігіндегі «Шіркейлі» деп аталатын арна өзегінің бойына бұл қорған шамамен XIX ғасырдың басына таман салынса керек. Билеушілер өз елінің жұмбаз балшықтан жасалатын кесегімен жергілікті жатақтарды жұмсап, бекіністі тұрғызған.
Сол кезеңде үстемдік жүргізген билеуші бектер жергілікті қазақтан таңдап жүріп қыз алатын болған. Сондай таңдауға Күміс деген қыз ілінсе керек. Күміс нәсілі әйел болса да есті адам болған. Жұртына пайдасын тигізу үшін өзбек бекіністеріне өзінің сөзін жүргізіп, қорған түбінен «Шолақ жарма» деген канал қаздырып, оны бір шақырымға жетер-жетпес жердегі табанға құйғызады. Соның нәтижесінде, сол табанның айналасы көкорай шалғынға айналып, оған кедейлер егін салып, қарық болыпты. Сол табанға жайылған судан әр ауыл арық қазып, өз алдына ел болып кетеді. Міне, сол жер Күмістің атымен аталып, «Күміс көл» аталып кеткен.
Қазақ елі Қоқан билеуін Ресей патшалығының көмегімен қуғанын білеміз. Бектердің озбырлығына шыдамаған намысты ұлт әркез олармен қақтығысып отырған. Сондай текетірес «Күміс қорғанда» да болған.
Бекке тиген Күмістің арқасында Сасық балық деген кісінің баласы Түлкібай батыр қорғанға еркін кіреді екен. Бірде бектердің талабы Түлкібай тарапынан орындалмай қалады. Осыған ерегіскен бек Түлкібайдың көзін жоюды ойластырады. Бұл сыр Түлкібайға жетіп, ол бұрынырақ әрекет жасауға кірісіпті. Қақпаға еркін кіретін Түлкібай бірде қамсыз отырған бектердің үстіне кіріп барып, төртеуін өлтіреді. Ал біреуін сонда қазаншы болып жүрген Түлкібайдың өз туысы төңкерілген қазан астына тығып, алып қалған екен. Сол арқылы Түлкібайдың ісі өзге бектерге хабарланып, ақыры батырдың түбіне жетіпті.
Тарихы тереңде жатқан қорғанның қысқаша тарихы осындай. Мұның астарында әлі талай сыр бүгіліп жатқаны анық.

Е.БЕРКІНБАЕВ

15 маусым 2019 ж. 1 344 0