Наурыздың ақша қарындай
Екі жастың махаббаты арқылы, екі рудың ара-қатынасы, сол арқылы халық өмірі мен тағдыры бейнеленген Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» көркем фильмі бүгінде қазақ киносының алтын қорына айналды. «Қыз Жібек» фильмінің сценарийін жазу, фильмнің дайындық жұмыстарын жүргізу, фильмді түсіру, монтаждау кезіндегі толғаныс пен қиындыққа толы сәттерден қызық мәліметтерді ұсынамыз.
«Қыз Жібек» фильмінің алғашқы нұсқасы «Аққу» деп аталған. Фильм сценарийі кино түсірілгенге дейін он жыл бұрын жазылған еді. 1967 жылы жаңа сценарийлерді бекіту кезінде дайын сценарий ретінде еске түсіп, таңдалған-ды. Ал түсірілім үшін қазіргі күні кездеспейтін 8-10 қанатты шаңқан ақ үйлер арнайы жасалды. Түрлі түсті ши, таза ақ жүн, керегені талдан ию үшін солқылдаған жас бозталдар қолданылған.
«Қыз Жібек» фильмінің алғашқы нұсқасы «Аққу» деп аталған. Фильм сценарийі кино түсірілгенге дейін он жыл бұрын жазылған еді. 1967 жылы жаңа сценарийлерді бекіту кезінде дайын сценарий ретінде еске түсіп, таңдалған-ды. Ал түсірілім үшін қазіргі күні кездеспейтін 8-10 қанатты шаңқан ақ үйлер арнайы жасалды. Түрлі түсті ши, таза ақ жүн, керегені талдан ию үшін солқылдаған жас бозталдар қолданылған.
«Кебісінің өкшесі
Бұхардың гауһар тасында-ай,
Ақ маңдайы жалтылдап,
Танадай көзі жарқылдап,
Алтын шашбау шашында-ай», деп келетін сұлулық пен кербездіктің нышаны болған Қыз Жібектің бейнесі үшін режиссерлік сценарий бойынша 10 түрлі костюмі болу керек деп бекітілді. Дәл бүгінгі тарихи фильмдердегі костюм жұпынылығы әлі күнге дейін шешілмей келе жатқан мәселе екенін ескерсек, сол тұстағы этнографиялық танымға деген ұқыпты қадамға сүйсінбеске амалыңыз қалмайды. Мәселен, жасанды, боялған материал экранда білініп қалады деп костюмдерге қажетті мақпал, жібек, шәйі, батсайы, пүліш, көйлек-камзолды әдіптейтін құндыз, сусар, елтірі, киімді оқалайтын жақұт, інжу-маржандар арнайы қолданылған.
Арнайы қаулы негізінде сол тұстағы Ауыл шаруашылығы министрлігіне фильмге керек таңдаулы 40 ат тауып беру жүктеледі. Жеке адамдардың қолынан ер-тұрман, сауыт-сайман, киіз үй жиһаздары және басқа да кілем, текемет, сырмақ секілді заттарды сатып алу үшін 10 мың сомға дейін ақша жұмсауға рұқсат етілген еді. Бұл ретте Алматыдағы «Сувенир» фабрикасы қақтаған күмістен, ақ жалтыр темірден батырлар мен қыздардың киімдеріне қажетті жүздеген әшекей жасап шығарды.
Фильм суретшісі Гүлфайрус Ысмайлова бастаған таңдаулы шеберлер қыздардың камзолдары мен көйлектеріне, жүздеген, мыңдаған моншақтарды бір-бірлеп өз қолдарымен қадап шыққан. Еңбек еш кеткен жоқ, тарихи фильмдер туралы айта қалсақ, алдымен ауызға ілігетін фильм қазақ киносының төлқұжатына айналды.
«Қыз Жібек» тобындағы жүзге жуық студия қызметкері екі жыл бойы әзірлік жұмыстарын орындап шықты. Жібек рөліне 400-ге жуық үміткерден ұсыныс хат келіп түскен еді. Олардың ішінде 15 қыз ғана іріктеуден өтіп, тек Жібектің серіктері ретінде бекітілді. Ал режиссерлер Жібек рөліне лайықты қызды таппай, ұзақ іздейді. Алматының №66 мектебінде 10-сыныпта оқып жүрген Мерурет Өтекешованы режиссер Ғазел Мағауина кездейсоқ көріп қалып, студияға ертіп әкелген.
Сонымен 1969 жылы 4 сәуірде көркемдік кеңес мәжілісі фильмнің алғаш түсірілген материалын талқылады. Жиында Төлеген Бекежанның қасында әлсіз, жасқаншақ көрінеді деп сыналды. Шәкен Айманов «Біздің көріп отырғанымыз – ойсыз алаңсыз жүрген біреу» десе, Ғабит Мүсірепов «Ол Бекежанның қасында бір бишара. Төлеген, қайталап айтайын, тым дәрменсіз, үміт аз...» деп сенімсіздік танытқан. Десе де сырбаз да, ізетті Төлеген рөлін Құман Тастанбеков өз деңгейінде алып шықты, биязы бейнесімен ел есінде мәңгі сақталыпты.
Айта берсек, фильм жайындағы қызықты деректер көп. Мәселен, «Сырлыбайдың ауылы» деп аталатын нысанды түсіру кезінде «Қырық көш» үшін ауылдардан 60 түйе әкелінгендігі айтылады. Тастың басына ескі таңбаларды қашап салу үшін екі үлкен көтергіш кран жөнелтілген, сол сияқты Іле жағасындағы «Сырлыбай ауылы» үшін 35 киіз үй тігілген. Ал Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласының хайуанаттар бағынан киноға түсіру үшін арнайы аққулар әкелінді. Сондағы Қаршыға мен Шегенің күй жарысында билей жөнелетін аққулардың көрінісін операторлар кеш батып бара жатқанда түсіріп үлгерген. Фильмдегі аққулар биін түсіру үшін оператор мен режиссер бір күн бойы тапжылмастан күткен екен.
Көлемі 3600 метр фильм үшін 50 мың метр пленка жұмсалды. Кейбір кадрлар 10-12 рет қайтара түсірілген. Қазақтың кең өлкесінің көркем бейнесін барынша әсем көрсету мақсатында Ұлытау, Ақтау, Алтай, Жайық, Іле жағасы, Қарқаралы, Бурабай, Алатау табиғаты көз сүйсіндірер көрініске арқау болды. 1968-1970 жылдары түсірілген «Қыз Жібек» көркем фильмінің тұсауы 1970 жылы Алматы қаласындағы «Целинный» кинотеатрында кесілген болатын. Бүкілодақтық тұсау кесері 1971 жылы Мәскеу қаласында өтіп, келесі жылында Бакудегі Бүкілодақтық кинофестивальде көрсетіліп, фильм оң бағаға ие болды. Содан бері аттай жарты ғасырдың бедері өтсе де талайларды таңқалдырған туынды қазақтың қазыналы салт-дәстүрі мен салтанатты тұрмысын қимастықпен, ерекше таңданыспен сағындыра еске салып келеді.