Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангер ұрпағы екенімді мақтан етемін

Майдангер ұрпағы екенімді мақтан етемін

Дүниені дүр сілкіндірген сұм соғыста жауынгерлер ерліктің жарқын үлгісін көрсетті. Адамзат баласына зор қайғы қасірет пен орны толмас шығын әкелген алапат соғыста менің атам Қонысбай Тұрғанбаев та болды. Қарша бораған оқ пен оттың ортасында жүріп, Жеңісті жақындатуға сүбелі үлес қосты.
Менің атам Қонысбай Тұрғанбайұлы 1922 жылы (бұрынғы Бостандық жолы) қазіргі Қалжан ахун ауылында дүниеге келген. Немістердің сағын сындырған бірбеткей қайсарлығы – оның бала күнінен қалыптасқан ерекше қасиеті. Әжем Шәркүл дастархан басында бізге атам жайлы көп естелік айтып беретін. Оның қаталдығы мен табандылығы бір сөзді адам екенін аңғартқан. Қарапайым отбасында ержеткен майдангер 3 ағайынды болған.
Жауынгер Қонысбай Тұрғанбаев 1941 жылы әскер қатарына алынып, сұрапыл соғыстың бел ортасынан табылады. Неміс басқыншыларына қарсы тұрған майдангер алдыңғы шептен көрінеді. Әкесі Тұрғанбай шыңдай түскен бойындағы қайраты оны төзімді болуға тәрбиелейді. Ел басына күн туған сындарлы сәтте басын қатерге тікті. Алғаш Ақтөбе мен Мәскеу түбіне дейінгі шайқаста жаудан туған жерді азат ету үшін қаһармандық танытты. Атам 101-атқыштар дивизиясында минометші болған. Майдангер есімі ауданға белгілі Қасымхан Смайлов, Төлеген Әбілдаев, Ғаппар Сағындықов сынды жауынгерлермен бірге ұрыс даласында келешек үшін жанкештілік танытты. 1943 жылы кезекті соғыс өртті тұтанған тұста ауыр жарақат алып, госпитальге түседі. Содан кейін ауыр жарақатына байланысты елге қайтарылады. Елге келгеннен кейін түрлі салада абыройлы қызмет атқарған.
Біз қашанда ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран екенін жадымыздан шығармаймыз. Майдангер атам әжем Шәркүлмен бірге 3 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан 16 немере сүйді. Тамыры тереңге жайылған алып бәйтеректің біз бақытты ұрпағымыз. Әлі күнге атамның жауынгерлік медальдарын, наградарын мұра ретінде сақтап келемін. Оның қонақжайлығы мен көпшілдігін әлі күнге көзі көрген кісілер айтып отырады. Мен атамды көрген емеспін. Бірақ майдангер ұрпағы екенімді мақтан етемін.

Нұрбану Жүсіпбекқызы,
немересі


12 мамыр 2020 ж. 600 0