Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Менің атам – майдангер

Менің атам – майдангер

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай қазақстандықтардың Жеңіске қосқан үлесіне арналған жалпы білім беру ұйымдарының 5-11 сынып оқушылары арасындағы «Менің әкем (атам, әжем, анам) – майдангер» атты облыстық (сырттай) эсселер байқауында үздік шығып, жүлделі бірінші орын иеленген №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің 6 «Д» сынып оқушысы Ақерке Яхияеваның шығармасын назарларыңызға ұсынамыз.
Мен бала кезімнен атамның соғыс жайлы айтқан әңгімелерін тыңдап өстім. Менің атам – Тасыров Яхия Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Ол 1922 жылы 2 қаңтар күні дүниеге келген. Балалық шағы да қиын-қыстау кезде өтіп, 11 жасында әкесінен ерте айырылып, анасына көмектесіп, мал шаруашылығымен айналысып күнелтеді. Атам мектепте төрт сыныптық білім алған. Ер жетіп қалған шағында Ташкентте оқып, жұмыс жасаған. Атам майданға шақырту келмей-ақ, жеңіс үшін өз Отанын қорғауға барғысы келген, бірақ жұмыс жасау үшін де адам керектігін айтып майданға жібермейді.
– Түнгі сағат 1-де соғысқа шақыру қағазы келді, біз ол кезде түнгі ауысымда жұмыс жасап жатыр едік, осылайша біз қан майданға аттандық, – деп еске алады атам. – Ол кездері мен ағамның қолында едім, бізге 2 сағат уақыт беріп, жақын жердегі туыстарыңа барыңдар, «қоштасып келіңдер» деп уақыт берді. Мен ағамның үйіне барып жеңгеме ескер­тіп, ал ағамды көре алмай майданға аттандым.
1941 жылы желтоқсан айында, на­ғыз соғыстың қызып жатқан кезінде,  Новосибирскідегі әскер құрамына қосы­лып, ол жақтағы өзімен бірге барған жол­дастарымен бір үйдің балаларындай тату өмір сүріп, бір нанды бөліп жеген. Соғыс жаттығуларын тез меңгеруге тырысады, барынша үйреніп алады. Басында қатардағы жауынгер, кейін сержант шенін алған. Қан майдан соғыста снаряд жарылып, атам жараланады. Осыны естігенде, атам үшін қатты қобалжып, әрі қарай не болғанынбілгім келді, қа­зір аяғы тәуір. Мен атамды нағыз батыр деп ойлаймын.
Соғысқа Кеңес үкі­меті құрамындағы көптеген ұлттардың бар­лығы дерлік қа­тыс­ты. Олардың ұлты басқа болға­нымен, бір туған бауырдай бірге жүріп тату болған, олардың жалғыз арманы  жеңіске жету болды.
Жақында 98 жасқа толған атамды ту­ған күнімен құттықтап, отбасымыз­бен атап өттік. Атам үйге келген адамға үлкен демей, кіші демей, әрқашан қуанып, құрметпен қарсы алады.  Биыл Жеңістің 75 жылдығы аталып өтеді.
1941-1945 жылдар. Бұл  адамзаттың есінен мәңгіге кетпей, тарих қойнауында талай ғасырлар бойы сақталатыны анық. Сол сияқты атамның сұрапыл соғыс жайлы айтқан әңгімелері де менің есімнен мәңгіге өшпейді. Атам айтқан әңгімелерден менің түйген өз ойым: балалар, яғни біз жас ұрпақ,  бейбітшіліктің, Тәуелсіздіктің қадірін біліп, еліміздің одан әрі гүлденуіне атсалысуымыз қажет.
Бейбіт заманда дүниеге келген біз қандай бақытты ұрпақпыз?! Атам ылғи асты құрметтеуді, суды үнемдеуді үйретеді. Соғыс жылдары, атамның айтуы бойынша, 1 бөлке нанды 10-12 жауынгерге  бөліп беретін, астың қандай қиыншылықпен келетінін ести отырып, мен үйде әрқашан да суды үнемдеп, нан қиқымын шашпауды қатты қадағалаймын. Мен атамнан естіген әңгімелерімді өз сыныптастарыма да айтып жүрмін, олар тыңдаған сайын тарихқа деген қызығушылықтары ояна түсуде.
Жастық шағы соғыспен тұспа-тұс келген, соғыста талай ерлік көрсетіп көптеген орден,  медальдар алған, жастарға бейбіт күннің қадірін ұғындыруға өз үлесін қосқан атам  2018жылдың қорытындысы бойынша «Жыл адамы» атанды. Атамның қазіргі таңдағы тілегі «Соғыс болмай, тек бейбіт заманда өмір сүрсек» дейді. Ғасырға жуық жасаса да таңертең ерте тұрып, ауылын орталығын жаяу аралап шығуды әдетке айналдырған. Тіпті дүкенге де өзі барып азық-түлік алады. Кейде ас әзірлеп қояды. Мен атамды өте қатты жақсы көремін. Бізге осындай бейбіт күнді сыйлаған атамды қатты құрметтеймін. Соғысқа қатысқан,осындай тарихи оқиғаларды өз көзімен көрген аталарымыздың азайып бара жатқаны рас, сондықтан да ол кісілерге көзі тірісінде құрмет көрсетіп, алғыс айтудан жалықпайық! Біз бейбітшілікте өмір сүрсін деп қан төккен  ата-бабаларымызға мың алғыс, шексіз құрмет. Атамның өмір жолын ести отырып, әрқашан жүрегімде қуаныш оты лаулайды. Қарияларымыз, қазыналарымыз аман болсын!
                                  
29 ақпан 2020 ж. 1 509 0