Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангер – ұстаз

Майдангер – ұстаз

Зұлым фашизмді Кеңес одағы ойсырата жеңіп, Жеңіс туын желбіреткеніне биыл – 75 жыл. Қан майданға аттанған әрбір үйдің азаматы, бауыр еті баласы Жеңіс үшін от кешті. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» дейді бүгінгі ұрпақ.
Зұлмат жылдар туралы, оның әрбір күні мен сағаты тарих парақтарында жазылып, жеңістің оңайлықпен келмегені белгілі. Сондықтан бейбіт күннің қадірін біліп, көзі тірі майдангер аталарды ардақтау, сұрапыл соғыста қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, отты жылдарды басынан өткеріп, елге аман-есен келіп, туған жерді түлетуге жан-тәнімен атсалысқан майдангерлерге құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың парызы.
Майдангер Алмат Наурызбаев 1924 жылы 8 мамыр күні Мақпалкөл колхозында, қазіргі Н.Ілиясов ауылында дүние есігін ашқан. 1941 жылы 7 жылдық мектепті бітіріп, Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түскеннен соң, бозбала бір жылдан кейін 1942 жылдың тамыз айында 18 жасында әскерге алынады. Майдан даласында жауынгер жан алысып, жан беріскен талай ұрыстың бел ортасында неміс басқыншыларына қарсы соғысқа қатысады. Оның жауынгерлік ерліктері туралы майдангер көзі тірісінде балаларына көп айтуды жөн көрмегендіктен, естеліктер өте аз көрінеді. Дегенмен жауынгердің омырауында жарқыраған «Қызыл Жұлдыз» ордені мен екі мәрте берілген «Даңқ» ордені жауынгердің ерлігіне берілгендігінің айқын дәлелі. Бес жыл бойы әскерде Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, елге 1947 жылы оралған майдангер Алмат Наурызбаев өзі білім алған мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Ұзақ уақыт ауыл мұғалімі болған жауынгер жоғарғы білім алғаннан соң 10 жыл бойы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болады және 1966-1971 жылдары шаруашылық партия ұйымын басқарып, ауыл экономикасын көтеруге өз үлесін қосады.
Жоғары білімді педагог мектептегі педагогикалық ұжымды қалыптастыруға, мұғалімдердің әдістемелік шеберлігін арт­тыруға, мектептің оқу материалдық базасын нығайтуға көп үлес қосқан. Білім саласындағы жетістіктері үшін көптеген марапатқа ие болады. А.Наурызбаев – ҚазССР халық ағарту ісінің үздігі.
Майдангер-ұстаз туралы әке ізін жалғас­тырып, ауыл мектебінде мұғалім болған, бүгінде құрметті зейнет демалысына шыққан қызы ардагер-ұстаз Мәлике Алматова былай деп еске алады:
– Әкем ешқашан өзінің бойындағы асыл қасиетін жоғалтқан емес. Өте қанағатшыл, байсалды кісі еді. «Майдангермін, ардагер­мін» деп басшылардың мазасын алған емес. Майданнан аман-есен келгеніне шүкірлік етіп, артында ұрпағы болғанына, елге қызмет еткеніне риза болатын. Ауыл балаларына орыс тілін үйретуде өзіндік әдіс-тәсілі мен шеберлігін қолданатын. Сол кездегі шәкірттері орыс тілін жақсы меңгеріп, жо­ғарғы оқу орындарына оқуға түскенде тілден қиналмағандарын айтып, ұстаздарына ал­ғысын жаудыратын. Балаларына ешкімнің ала жібін аттамауға, біреуден пайда көрем деген ниеттен аулақ болуға үйретті. «Әркімнің өз несібесін Алла Тағала өзі береді» деп айтатын, – дейді майдангер ұрпағы.
Жыл сайын әкесінің көзі тірісінде асыға күтетін Жеңіс күнін атап өту дәстүрі майдангер әулетінде бүгінге дейін жалғасып келеді. Ең алдымен майданда қаза тапқан азаматтардың рухына Құран бағыштап, елдің амандығына дұға жасау – бұл өзгермеген үрдіс.
– Әкем марқұм Жеңіс күнін атаусыз қалдырмайтын. Мерекеге дайындалатын. Себебі Жеңіс күні жеткенін естіп тұрып, оққа ұшқан, майданда қаншама жанның қаны төгілгенін айтып, көзіне жас алып еске алатын. Сондықтан ұрпағына шейіт болғандарға алдымен Құран бағыштап, сонан соң тойлаңдар деп айтушы еді, – дейді Мәлике апа.
Иә, Отанына адал еңбек еткен азаматтың есімін жаңғырту – ұрпақ парызы. Сондықтан баға жетпес елге деген қызметіне құрмет көрсету, рухына тағзым ету ұрпақтан ұрпаққа жалғасты деген осы емес пе?!

Бибісара ЖАНӘЛІ
05 мамыр 2020 ж. 644 0