Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мың тағзым саған, майдангер!

Мың тағзым саған, майдангер!

Атам қазақ «Әке асқар тау» деп бекер айтпаса керек. Бір сәт әкемді ойлап ескі суреттерін қарап шықтым. Аздап өлең жазатын кісі еді бір кітаптың мұқабасындағы екі шумақ өлеңге көзім түсті. Ұлы Отан соғысының ардагері Құлтай әкемізге арналған екен.
Қара өлеңнен ініңіз таспа тілсін,
Елге аға болатындай жаста тұрсың.
Ерлігің келешекке үлгі, өнеге,
Біз үшін Құлтай аға хас батырсың.
Аштықты, соғысты да көргенсіңдер,
Дұшпанды ойсырата жеңгенсіңдер.
Ардагерлер әрдайым аман болшы,
Ауылдың тарихы да сендерсіңдер.
Осы екі ауыз өлең әкеміз жайлы әңгіме өрбітуге септігін тигізгендей. Құлтай әкеміз біздің үйден екі-үш үй әріде тұратын көршіміз еді. Отбасымызбен жақын араласып тұрамыз. Бірде Құлтай әкемізден Ұлы Отан соғысы жайлы айтып беріңізші деп қолқа салдым. Сонда әкеміз, ей балам-ай оның несін айтайын, сендер соғысты, біз көрген қиыншылықты көрмеседер екен деп жауап берді. Екі жанарынан мейірім төгіліп, көзіне жас келгенін білдіргісі келмей теріс айналып еді. Жастық шағы қан майданда, тұтқында, одан қала берді лагерьде өткен соң өзі бастан кешкен қиындықтар туралы ұрпағының білмегенін, естімегенін қалады ма екен? Әке тағдырының соғыс біткен соң елге оралған ардагерлерден бірнеше есе азапты болғанын түсінгендеймін. Менің сұрақтарыма ашылып жауап бермеуінің де сыры осында сияқты.
Баласын анасынан айырған, талай жанның қаны мен көз жасы төгілген зұлмат соғыс естен кеткен емес. Қазіргі таңда жанқиярлық ерліктің арқасында еңселі ел болып, жеңістің 75 жылдығына да куә болып отырмыз.
Әңгімеміз батылдық пен бостандықты бойына сіңірген, қорқыныш деген сезімді жүрегінен жұлып алған , қайсар халықтың ұрпағы жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан Құлтай Сүлейменұлы жайлы болмақ.
Құлтай әкеміз 1920 жылы 10 мамырда Сырдария ауданы, «Қызылту» колхозында дүниеге келген. Он үш жасқа келгенде әкесі дүниеден өтіп, Ханша анасының қолында ер жетеді. Нағашылары Мырзахожа, Бихожа, Төрехожа деген кісілер өз балаларынан да артық көріп өсіреді.
Ұлы Отан соғысы басталып қару ұстауға жарайтын ер азаматтар түгел майданға аттанғанда , Шіркейлі ауылынан да өрімдей қыршын жігіттер сап түзейді, Құлтай әкеміздің жиырма жастан асқан шағы екен отанын қорғау үшін кете барды. Елінің , жерінің азаттығы үшін жан аямай соғысады.
Харков бағытындағы кескілескен ұрыста жарақат алып, госпитальда 2-3 ай емделген соң, Панфилов атындағы 8-ші армияның 583 атқыштар полкі құрамына еніп қайта соғысқа кіріседі.
Сөйтіп , 1945 жылы Рейхстагқа тігілген жеңіс туының куәгері болып, 1947 ғана елге оралды.
Құлтай әкеміздің тағдыры туралы белгілі журналист Мырқы Исаұлының «Жол үстінде тұтқындау» атты мақаласынан көп жайды ұғуға болады.
Самарқан қаласындағы үш айлық жаттығу Харьков майданы.Белгілі алтыншы армия екінші дивизиясы. Тек мұндағы полк басқаша еді. 583 атқыштар полкінің құрамында Харьков облысының Тарановка – Лозовой станциялары бағытында шайқасып жүрген. Беліне оқ тигеніне қарамай, жауға тұтқын болмау үшін өзге жауынгерлермен бірге Лозовой станциясына қарай жаяу аяңдайды. Ақыры қашып құтыла алмады. Көп тұтқынның бірі болып Украйнада орман шаруашылығында жұмыс істеуге мәжбүр болды. Одан кейін Беларусь ормандары. Сонда жүргенде қашпақ болған тұтқынның бірі ретінде Гамбургтегі айыптылар концлегеріне апарып қамалады. Екі жылдан соң тұтқындарды Америка тұтқындары босатып, жеңістен соң іле Кеңес миссиясына өткізеді де, олар Эльба өзені жағасындағы Торғау қаласына әкелініп, екі ай сонда ұстайды.
- Соғыс біткенімен, қайтадан әскер қатарына жібереді. Сегізінші армияның екінші дивизиясына,583 – полкіне қабылданады. Мұнда сегіз ай яғни 1946 жылдың сәуір айына дейін әскери міндетін өтейді. Ауылға қайтып келе жатқанда жол үстінде тосып алып, бірден түрмеге қамап, он бес жылға соттап қоя береді. Әй –шәйға қаратпай, Енесей өзенінің құярлығындағы Норильск лагеріне жеткізеді. Сегіз жылға таяу оның дәмін татып көрмеген азабы қалмайды. Осыншама қиындықтың бәрін жеңіп, елге аман-есен оралады.
Құлтай әкеміз II дәрежелі Отан соғысы орденінің бірнеше медальдардың иегері. Елге келгесін еңбекке араласып,қолынан келгенше ауылды көркейтуге үлес қосты. Шіркейлі ауылында 1992 жылға дейін күріш екті, Сәрсенкүл анамызбен бірге 5 қыз, 4 ұлды дүниеге әкеліп, немере-шөбере сүйді. Балаларының барлығы өз істерімен белгілі, беделді жандар. Бірі кәсіпкер, бірі мұғалім, бірі дәрігер, бірі әнші, бірі жүргізуші. Әр салада адал еңбектерімен елге танылып, жастарға үлгі болып келеді. Әкеміз бейнетінің зейнетін көріп, 2004жылы 15 желтоқсанда дүниеден озды. Артында өмірінің жалғасы, әке мұратын алға жетелейтін ұрпағы қалды.
Күн санап қатары сиреп бара жатқан майдангерлердің кейінгі ұрпаққа айтары, берер тағылымы аз емес. Өзінің жастық шағы, балалық бал дәурен күндері соғыс алапатына тап келген, адамзатқа зор қасірет әкелген зұлматпен тағдыры бетпе-бет келген майдангер аталарға бүгінде қандай құрмет, қандай сый-сияпат жасаса да артық емес.

Жанболат Назаров 

10 мамыр 2020 ж. 741 0