Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Цифрландыру және ЖИ енгізу ұлт дамуын лайықты деңгейде қамтамасыз етеді

Цифрландыру және ЖИ енгізу ұлт дамуын лайықты деңгейде қамтамасыз етеді

Цифрландыру мен жасанды интеллект енгізу Қазақстан дамуының маңызды компоненті. Ол бүгін ұлт дамуының лайықты деңгейін қамтамасыз етсе, ертең оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Мұндай пікірді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Время» газетінде жарық көрген «Реформа логикасы: Қуатты өңірлер – қуатты ұлт» мақаласында білдірді. KAZINFORM

Сенат спикері қазіргі уақытта цифрландыру процесінің цифрлық теңсіздікті еңсеруге, цифрлық технологияларды күнделікті өмірге және экономикаға ықпалдастыруға бағытталғанын атап өтеді.

- Цифрландырудың екінші толқыны мемлекеттік қызметтердің салыстырмалы түрде тар сегментінен цифрлық теңсіздікті жоюға, цифрлық технологияларды күнделікті өмір мен экономикаға ықпалдастыруға бағытталған... Алайда шағын қалаларда, қала маңында және ауылдарда байланыс арналары қатты ескірген. Мұнда негізінен ADSL технологиясы, яғни «мыс» телефон арналары тарату жылдамдығы секундына 10 Мбит қана. Кең жолақты қосылуды қамтамасыз ететін талшықты-оптикалық интернет ауылдық жерлерде тек 18, шағын қалаларда 28 пайыз болса, ал ірі қалаларда бұл көрсеткіш 44 пайызға жетеді. Сонымен қатар Қазақстандағы ауылдық елді мекендердің орналасуы байланыс операторлары үшін экономикалық жағынан тартымды емес. Олар халық тығыз орналасқан қалалар мен бизнес шоғырланған аймақтарды жөн көреді. Бұл кез келген елді мекендерден тыс орналасқан ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын немесе елсіз тас жолдардың бойын қамтуды айтпағанның өзінде, - делінген мақалада.

Маулен Әшімбаев цифрлық теңсіздікке жүйелі жауап ретінде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының іске қосылғанын атап өтті. Бұл жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2023 жылдың қазан айында қабылданды. Оның мақсаты — 2027 жылға дейін барлық елді мекенді жылдамдығы кемінде секундына 100 Мбит болатын интернетпен қамтамасыз ету.

3 мыңнан астам ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстары жүріп жатыр, ал жоғары жылдамдықты интернет шағын және орта байланыс операторларының қолдауымен 400 мыңға жуық үй шаруашылығына жетеді. Егер ауылдардың шалғайлығына немесе географиялық қиындықтарға байланысты сымды интернет тарту мүмкіндігі болмаса, онда ғарыштық байланыс жүйесінің ресурстары пайдаланылады. Мұндай 500-ден астам ауыл бар... Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – Қазақстан болашағына стратегиялық инвестиция. Оның сәтті іске асырылуы шикізаттық экономикадан адам капиталына негізделген экономикаға өту үшін катализатор болады. Ол тек өмір деңгейіндегі теңсіздік мәселесін ғана шешіп қоймай, ондаған жыл бұрын тұрақты дамудың, әлеуметтік тұрақтылықтың және өңірлердің экономикалық бәсекеге қабілеттілігінің негізін қалайды, - деді Маулен Әшімбаев.

Фото: ҚР Парламент Сенаты

06 қараша 2025 ж. 31 0