Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕДЕЛ КӨМЕКТІҢ ЖӘРДЕМІ КӨП

ЖЕДЕЛ КӨМЕКТІҢ ЖӘРДЕМІ КӨП


Жедел жәрдемнің қызметіне аудан халқы күні бойына үздіксіз жүгініп жатады. Қазіргі таңда белгіленген мекен-жайға уақытында жете отырып, сапалы қызмет түрлерін көрсетуге сала мамандары мүдделі. Қашанда жедел шапшаңдыққа негізделген жұмыс күші барлық қиындықтардың алдын алады. Аудан бойынша жедел жәрдем саласында 3 бригада халыққа қызмет етеді. Оның біреуі дәрігерлік, екеуі фельдшерлік пункт ретінде құрылған.
Облыстық медициналық жедел-жәрдем станциясына қарасты аудандық жедел-жәрдем бөлімінде бүгінгі таңда 64 қызметкер жұмыс жасайды. Бұл ретте айтпағымыз сала мамандары ай сайын біліктіліктерін жоғарылатып, түрлі оқиға орындарынан табылуға тырысады. Арнайы орталықтармен тәжірибе алмасу арқылы медициналық көмектің дамыған тетіктерін үйренуге жол ашады. Оқу- жаттығу курстарынан өтіп, қауіп-қатерлердің алдын-алу қағидаттарына қанығады.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында атап көрсетілген цифрлы технологиялар аталмыш бөлімде тиісінше жүзеге асырылып келеді. Бұрынғыдай шақыртулар түскен уақытта мекен-жайға бару, кезек күту шешімі табылмайтын дүние болып көрінген. Дегенмен, қазіргі күні фельдшерлер смартфонның көмегімен шақыртудан босағаны жөнінде диспечерлік орталыққа хабар береді. Белгіленген мекен-жайларға байланысты келесі кезекті шақыртуларды фельдшерлік құрамға ұсынады. Былтырғы жылы аудан бойынша 12684 шақырту тіркелген. Арнайы мамандар осыншама азаматтарға барып, жедел көмек түрлерін көрсеткен. Цифрлы технологияның даму көкжиегі жедел жәрдемдіктердің жұмысын жеңілдететінін аңғартқандай. Бүгінде жедел жәрдем бөлімшесіне кардиометр құрылғысы алынған. Бұл құрылғы арқылы жүрек талмасына, тағы да басқа жүрек ауруларына шалдыққан науқасты тексере отырып, нақты диагноз қоюға мүмкіндік бар. Компьютерге жүрек ақауларының негізгі белгілері түскен бойда арнайы дәрігердің немесе маманның қарауына автоматты түрде жолданып отырылады. Нақты диагнозы бойынша орын алған оқиға орнында емді шаралар жасалады. Мұндай жағдайда жүрек ауруларына қатысты қиындықтар жүгі жеңілдейді. Көбіне фельдшерлік бригадаларды жүкті аналар шақыртады. Ауырсынған аяғы ауыр әйелдерді тексеру барысында фетальді доплер құрылғысы қолданылады. Жаңа құрылғы ана құрсағындағы дамып келе жатқан баланың жүрегін тыңдап, оның денсаулығының бір қалыпты екендігін анықтайды. Сонымен қатар жол- көлік оқиғасы кезінде керекті Кромер шиналары, шанс варантик, пластикалық шиналар пайдаланылады. Осы құрал жабдықтар жол-қөлік оқиғасында орын алған түрлі ашық және жабық сынықтары бар азаматтарды тасымалдауға көмектеседі. Белгіленген ауруханаларға жолданбас бұрын сақтық шараларын жүргізу бірінші орынға қойылады. Аталмыш құрылғылар ауыр хәлдегі азаматтарды тиісті орынға аман-есен жеткізуге арналған. Келесі кезекте жауапты мамандар қарауға алып, аяқтан тұрғызуға күш салады.
Жедел, әрі сапалы қызмет көрсетуге күш-жігерін салатын сала мамандары аудандағы ахуалға байланысты өз ойла- рын жеткізді. Халық көбіне шақырғанда жедел жетуді талап етеді. Бірақ, арагідік қиындықтар кездеседі. Себебі, кейбір көшелердің атаулары, үйдің нөмірлері көрсетілмей, мамандар едәуір уақыт жоғалтады. Ауыр жағдайдағы науқастың халі нашарлап, көмек көрсету одан әріге қиындай түседі. Мұндайда айтпағымыз тұрғындар үй нөмерлерін анық, мекен-жай атауларын түсінікті жазса, сала мамандарының жұмысын жеңілдетені сөзсіз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
07 ақпан 2018 ж. 1 407 0