Еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылық басты назарда
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжіліс барысында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және өнеркәсіптік қауіпсіздік шараларын күшейту мәселесі қаралды.Жиында аудан басшысы күн тәртібіндегі мәселе бойынша еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, жұмысшылардың құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігін сақтау, жазатайым оқиғалардың алдын алу және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ еңбек заңнамасының талаптарын сақтау, жұмыс орындарында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және еңбек дауларының алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Еңбек саласындағы заң талаптарын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық жұмыстарды да күшейту қажеттігін ескертті.
Мәжілісте көктемгі әскерге шақыру науқанының барысы да қаралды. Осы ретте жауапты мекеме басшыларына әскерге шақыру жұмыстарын заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру, шақырылушылар мен олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын күшейту және белгіленген жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі











