Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада балаларға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы артып келеді

Қызылордада балаларға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы артып келеді

Өңірде балалар денсаулығын сақтау және оларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, бүгінде облыс бойынша 18 жасқа дейінгі 322 597 балаға медициналық қызмет көрсетіледі. Балаларға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында өңірде 29 стационарлық мекеме, 24 амбулаториялық-емханалық ұйым, 101 дәрігерлік амбулатория, 29 фельдшерлік-акушерлік пункт және 93 медициналық пункт жұмыс істейді.

-2026 жылдың алғашқы бес айында облыста 5 832 нәресте дүниеге келді. Бұл көрсеткіш өңірдегі демографиялық өсімнің тұрақты екенін аңғартады. Балаларға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандарымен бірлескен тәжірибелік жұмыстар жүргізіліп, оңалту қызметтері кеңейтілуде. Сонымен қатар, өңірде ерте араласу орталықтары мен ерте дамыту кабинеттері жұмыс жасап, мыңдаған бала қажетті қызметтермен қамтылуда. Сондай-ақ, өңірде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес «Балаға мейірімді аурухана» қағидаттары кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Осы бағытта медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілуде.Бұдан бөлек, Балалар құқығын қорғау комитетімен бірлесіп, ерте дамыту және ерте араласу қызметтерін жетілдіру мақсатында Португалияның жетекші мамандарының қатысуымен өңірдің 40 маманына арналған арнайы оқыту тренингі ұйымдастырылған, - деді Мая Миранбайқызы.

Брифинг барысында балалар денсаулығын нығайту, аурулардың алдын алу және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны атап өтілді.

02 маусым 2026 ж. 43 0