Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіс сарбазы

Жеңіс сарбазы

Алғыс хат

– Бірде бір портқа келіп, бір ротадай сарбаз снаряд тиедік. Асығыспыз. Неміс ұшақтары бомба тастай қоймағанымен үстімізден ауық-ауық ұшып өтеді.
Командирлеріміз «бол, болдың» астына алуда. 
– Быстрее, быстрее.
Көлік пен қайықтың екі ортасында жан ұшыра жүгіреміз. Әр снаряд 25 келі тартады. Арақашықтық 300 метрдей. Мақтанайын-ау, жұрт біреуден зорға апарып жүрсе, мен екі қолтығыма екеуін қысып алып жорғалаймын. Тапсырмамызды орындап болған соң «командир шақырып жатыр» деді.
– Жолдас рота командирі, сіздің шақыр­туыңыз бойынша қатардағы жауынгер Жұма­баев Іздіқұл келіп тұр.
Татар тілмаш – аудармашы.
– Жұмабаев сен бе?
– Дәл солай!
– Аптығыңды бас, кел мына жерге отыр.
Көрсеткен жеріне отырдым. Командирдің өзі барып, қайнап тұрған шәйнектен қалайы кружкаға шәй құйып әкелді. Алдыма үлкендеу нан кесіндісі мен сарбаздардың қолына түсе бермейтін бас қант қойды. Тілмаштың сыбырлап айтуымен арақ пен шошқа салысын ары қарай ысырып, үстін газетпен жауып тастады.
– Менің таң қалып отырғаным, өзгелер снарядты біреуден тасып жатқанда, сен неге екеулеп әкеліп жүрсің? Әлде күшің көп пе?
– Күш, шүкір, жетеді.
– Сондағы ойың қалай? Өзіңді-өзің көр­сеткің келіп, көзге түскелі солай жасадың ба?
– Жоқ. Көзге түсуді тіптен де ойламаппын.
– Сонда түпкі ойың қалай?
– Жолдас рота командирі, төбеде ұшып жүрген ұшақтарды өзіңіз де көріп тұрсыз. Солардың біреуі бомба тастап жіберсе, қан­дай боларын елестетудің өзі мүмкін емес. Сон­дықтан снарядтарды аман алып қалу үшін екеу­­ден тасыдым.
– Рахмет, жауынгер Жұмабаев. Сізге алғыс жариялаймын!
– Совет Одағына қызмет етемін!
Сол жолы маған Алғыс хат табысталды.
Отын мен су да, азық та жеткіздім.
«Менің әскери міндетім – снаряд тасу» деп, басқа кезде қол қусырып қарап тұрмадым, қолымнан келгенді атқардым. Үлкенді-кішілі командирлер де менің тындырымдылығым мен қарулылығыма, оның үстіне тәуекелшілдігіме сене ме, мені жұмсағанды, тапсырмаларын маған бергенді жақсы көріп тұрады.
Күнделікті кескілескен соғыста адам өлікке де еті үйреніп кетеді екен. Кейде жаралыларды жинап алғанымен, өлгендер екі жақтан да қалып кете береді. Оны әйтеуір, кейін біздің тылымызда қалғандар жинап, бауырластар зиратына жерлейді. 
Бір күні орман шетіне тоқтадық. Жан-жа­ғымыз мидай жазық далалық. Арғы жағы орман. «Командир шақырып жатыр» деді. Бардым.
– Жұмабаев, жаралылар жарақаттарынан емес, суықтан зардап шегіп жатыр. Далалық госпитальдың пешіне отын керек. Ол үшін өзіңдей бірнеше қарулы сарбазды шақырып отырмын.
– Қандай тапсырмаңыз болса да орындауға дайынмын.
«Хозвзводтың» командирі Сүлеймен деген қазақ жігіті болатын. Жерлесім. Өзіміздің Қызылорда облысының Арал ауданынан. Сү­леймен інім – 1908 жылдың «төлі».
Майдан заңы бойынша шаруашылық бө­лімі негізгі тылдан жеті-сегіз шақырым артта жүреді. Сарбаздарға ас-су дайындайды, киім-кешектерін жуып береді. Кейде біз де «артподготовка» кезінде жаудың жатқан жерін біршама уақыт снарядтың астына аламыз да, жаяу әскерлер мен танктер шабуылға шығып кеткенде соңында, шаруашылық жұ­мысындағылармен бірге болып, тірліктеріне де қол ұшын береміз. Енді жерлесім өтініш жасап тұрғанда тартынудың реті бар ма? 
Сүлеймен інім бізді орман бетке алып шықты.
– Анау орман шетіндегі қарайғандарды көрдіңіздер ме? «Искусственный траншеяның» қасына қағылған қадалар. Содан көтерген­деріңізше алып келулеріңіз керек.
– Ау, одан да мына сыңсыған орманнан қажетімізше шауып ала бермейміз бе?
– Оған біріншіден бізде балта мен ара жеткіліксіз. Оның үстіне бұл жердің ағаштары жуан, көк тіреп тұр. Уақыттан ұтыламыз. Екіншіден, қысты күнгі балта дауысы қатты жаңғырады. Жауға белгі беріп алуымыз да мүмкін.
– Иә, одан да қадаларды тасығанымыз тиімді болатын түрі бар екен.
– Барарда да, қайтарларыңда да бұқпан­тайлап жүріңіздер. Кім біледі қай ағаштың басында фашистің «көкегі» отырғанын.
– Қаңғыған оқ жұлып кетпеуі үшін қада­ларды екеу-екеуден алып, сүйретіп келу керек онда.
– Сіздерді көпе-көрнеу оққа байлап отыр­ғандай қиналамын. Бірақ амал жоқ. Гос­питальда жатқандар да өз бауырларың. Оның үстіне бәріңе ыстық ас дайындау үшін де отын керек.
– Ал, жігіттер, шешінген судан тайынбас.
Жерлесімді жақтап алға шықтым.
– Ендеше, ұрыста тұрыс жоқ.
Ақырын бұқпантайлап қарайғанды бетке алдық. Тың болғандықтан ба алғашқы сәтте-ақ «искуственный траншеяға» жетіп бардық. Барғанымыз құрысын, ол жердегі көріністі көріп жанымыз шошыды. Шашылып жатқан өлік. Аяқ басар жер жоқ. Екі жақ, неміс пен советтер бірін-бірі шаншыған, алқымынан алған, пышақтаған, штикпен найзалаған күйлері жайрап жатыр. Айналып өту мүмкін емес. Бірі атыса қашып, бірі оқ жаудыра қуып бара жатқандардың екі жағы да қаза тапқандарын жинап алмаған. Соларды мүмкіншілігінше баспауға тырысып, қадаларды көзімізді жұма жүріп суырып, көтергенімізше иығымызға салып алып келдік.
«Соншама өліктен жанымыз артық па?» деген түйсікпен қайтарда бұқпантайлағаным жоқ. Бар ойымыз қайтсек те көбірек отын ар­қалап қайту болды.
Әбүйір болғанда, орманда жасырынып отыр­­ған бір де бір фашист снайпері жоқ екен.
Азық табуым
– Жұмабаев, жаңағы қасыңызға ерген жігіттеріңізді алыңыз да екінші тапсырманы орындауға кіріссеңіз.
– Құп болады!
Қандай тапсырма деп сұрауға әскери тәртіп қатал. Бұйрық талқыға салынбайды. Өз  басшың болмаса да, шені үлкенге мойынсұну – заң.
– Жаңағы «искуственный траншеялар» он­ша терең, ұзын болмаса да қыршындардың жүзін жасыруға жарап қалар.
Сөзге менің ауылдасым Дүйсенбай аралас­ты.
– Ол жерде бомба түскеннен қазылған ба, үлкен орды байқадым.
– Оны да көрерсіздер. Рас, кім екенін анықтап жатуға уақыт тар. Сонда да қалта­ларын қарап, мүмкіндігінше құжаттарын алың­дар. Қазір тезірек тамақтанып алыңдар. Біз енді алдыңғы шептегілерге жетейік.
– Госпитальдағылар ше?..
– Жаңа штабпен хабарластым. Екі-үш машина адамдарымен келіп, жаралыларды іш­кері алып кетеді.
Асыға-үсіге тамақтандық та, жұмысымызға кірістік. Алдында төрт ай қорғаныста тұрып қалғанбыз. Тамақ та таусылып, тылдан да ештеңе келе қоймағандықтан артық-ауыс азық-түлік алып та қала алмадық. Тек ендігі мақсат – тезірек марқұмдарды жерлеп, өзіміздің әскерге қосылу.
Шейіт болғандардың ұзын саны екі мыңдай-ау... Айырып жатар шама жоқ, неміс-советін қатарластыра қойып жатырмыз. Бір тобымыз мүрделерді әкелсе, екінші топ олардың қойны-қоныштарын аударыстырып, құжаттарын алуда. Көптеген сарбаздардың мойнында партоннан істеген «медальен» деген болады. Аты-жөндерін, келген жерін, тағы да басқа қажетті мағлұматты тілдей қағазға жазып, шиыршықтып соның ішіне салып қояды.
Біршама жұмыс атқардық-ау деген шамада, тыл жақтан үш машина келді. Штабтағылар    жағдайдан хабардар болуы керек. Бір топ жауынгерлер мен он шақты қыз-келіншек бар. Енді марқұмдарды жерлеп, құжаттарын жинау­­мен солар айналыса бастады.
Біздер өз жігіттеріміздің соңынан жөнелдік.
Аздап тынығып алып, тартып келеміз.  Аш өзек, қарындары аш, оның үстіне үздіксіз жұмыс істеген жігіттер қаншама қарулы болса да қалжырайын деді.
– Шіркін-ай, шинельді жастанып ұйықтап алар ма еді?!
– Мына аязда жаурап, қаязқалаш болып қатып қаларсың.
– Жол ақысы жүрсе бітеді. Ақырындап болса да жылжи беру керек. Аялдайтын болсақ адасып, өздеріміздің жауынгерлерден көз жазып қалармыз.
– Иә, бағыттан жаңылыссақ жау ішіне кіріп кетуіміз де ғажап емес.
Шаршағанымызды білдірмеу үшін сөйлеп келеміз. Сөз де күшімізді аларын білсек те, әлде бір үрейді аластау үшін ауыз жабар емеспіз. Келесі бір шағын орманға жақындадық.
– Орман ішінде шошқа немесе сиыр болуы мүмкін.
Осы сөз нақ бір берілген командадай естілді де, бәріміз орманға қарай жапа-тармағай жүгіре жөнелдік. Не кездессе де атып алмаққа мылтығымыз кезенулі.
Орман шетінде тағы бір жан жабырқатар көрініске кездестік.
Қысты күні қырылған аттар. Атты әскер осы жерге жеткенде снаряд жарылғанға ұқсайды. Жүгіріп келе жатқандар қатып қалған өлекселерден ештеңе ала алмай күйінді. Аттарды бастарынан бір-бір тепті де, алға қарай аршындады.
– Сендер бара беріңдер, мен сәлден кейін арттарыңнан жетемін.
– Іздеке, қатып қалған жылқыдан ауыз жарыр не аламын деп тұрсың? Жүр, одан да көптен қалма.
– Дүйсеке, бара бер. Қазір-ақ арттарыңнан жетемін.
Менің мінезімді білетін Дүйсенбай қанша қимаса да, сәл тұрды да қолын бір сілтеп, басқалардың соңынан ілесті.
– Іздеке, көп кідірме? Ізімізді мына жаяу борасын басып қалмай тұрғанда жетіп ал.
Қойныма салып жүретін кішкентай қақпан балтам бар еді. Сонымен басты қақ айырып тілі мен көмекейін суырып аламын. Жанталаса қимылдап, сүт пісірім уақытта арқамдағы қапшығымды толтырдым. Көңілім тоғайғасын кеткендердің ізін бағдарға алып соңынан салдым. Күн бұзылып, жел күшейіп, борасын үдегенімен орман іші тынық, іздерді қар баса қоймапты.
Қалың қайың мен қарағайдың екінші ше­тінде жігіттер амалсыз дем алып отыр екен.
– Жолдас Жұмабаев, жеттің бе? Жақсы болды. Саған не болып қалды деп уайымдап отыр едік.
– Неге тоқтап қалдыңдар?
– Енді алдымыз ашық. Күндіз жүру қауіпті. Біздің әскер де келесі орманның ішінде жай­ғасқан көрінеді. Қазір күн батсын, сосын қараңғылықты жамылып жетіп аламыз. Тек, жігіттер ашықты. Жүректері сазып, әл-дәрмендері бітті. Қарды талғажу қылуда...
– Енді оған қам жемеңіздер.
Қапты орталарына аударып едім, бәрінің көзі шырадай жайнап кетті. Ішіміздегі үлкеніміз ақыл айтып тоқтатпағанда, біразымызға қауіп екен.
– Жігіттер сабыр сақтаңыздар. Қалай болғанда да пышаққа ілінбеген мал, пісіріп, ең болмаса отқа қақтап жейік. Сосын аш өзектеріңе түсіп кетпесін, аз-аздан алыңыздар.
– Кәне, тезірек от жағайық. Бұта жинаңдар.
От жағуға болмайды. Моржасын жауып, жалынын көрсетпей, қардың суымен шала пісіріп жеп, жүрек жалғап, әл жинап, қараңғы қоюлана өз әскерімізге қосылдық.
Тамақ та тасығанмын
Жауынгерлерді тағы бір рет аштықтан алып шыққанмын.
1943 жылдың күзі. Украинаның арғы шетінде немістердің апшысын қуырып, жерін тарылтып, дедектетіп қуып барамыз. Жеңімпаз дегеніміз болмаса, біздің де жағдайымыз мәз емес. 1942 жылы қатарласа соғысқа кірген қаруластарымыздың қатары едәуір сиреп, селдіреп-ақ қалған. Құрам жаңарған. Тек командирім бұрынғы. Өзі қазақстандық. Сол кезде Мәскеу түбінен Украинаға жеткендер саусақпен санарлықтаймыз. Дәтке қуат, сол санаулымыз әзірге оқ пен оттан аманбыз.
Бірде хозвзвод пен негізгі әскердің арасы үзіліп қалды. Жаяу сарбаздар алғы шепте. Біз «артподготовкадан» кейін әскер тылында қалдық. 52 миллиметрлік гаубицамен жаудың шебін біршама уақыт төмпештеп алғанбыз. Өзіміздің жерлесіміз, ол да Арал ауданынан, Шөмішкөл деген колхозда 1922 жылы туып өскен Ысқақ деген новодчигіміз алғы шепке шығып, бұта арасында бұғып жатса да, бағдарды дұрыс беруінен бір де бір снарядымыз қиыс түспеді. Сол аласапыраннан кейінгі шабуылда біздің жауынгерлер «Уралап» алға ұмтылғанда, қалай екенін қайдам, ортада жаудың бір топ сарбазы негізгі күштерінен бөлініп қалып қойған. Содан қызық болды.   Мұнда біз, бізден кейін, немістер, одан ары біздердікі, оның аржағында тағы немістер.
– Жолдас Жұмабаев, саған маңызды тапсырма болып тұр.
Командир қасыма келіп, ақырын тіл қатты.
– Орындауға әзірмін!
– «Война войной, а обед по расписанию» деген әзіл сөз бар әскерде. Ана жақтағы жа­уынгерлерге ауқат жеткізу керек.
– Құп!
– Әрине, далалық асхананың өз жауын­герлері де бар. Дегенмен тамақ кішкентай котелокпен емес, үлкен флягамен апарылады. Оны өзіңдей алыптар болмаса, басқа сенім артар ешкім жоқ. Мен сені сонау жылдардан білетін болғандықтан, командир ретінде емес, қанымыз араласқан қарулас ретінде өтініш жасап тұрмын.
– Бәрі ойдағыдай болады.
– Ортада немістер бар екенін де ұмытпа.
– Үйреніскен жау атыспаққа жақсы.
– Қазақтардың әрбір сөзі ерлікке ұмтыл­дырып отыратынына таң қаламын. Не деген данышпан халық, менің қазақтарым?!
Командирдің осы ризашылығын демеу қы­ла отырып, қасыма асхананың Измурат есімді көмекші аспазын ертіп, фляганы сүйрей, «по пластунский» әдіспен, бауырымызбен жылжи түсіп, тамақ күткен жолдастарымызға қарай бет алдық.
– Іздіқұл ака, бізді немістер байқап қалса қайтеміз?
Аузына Құдай салды ма, айтып болғаны сол-ақ екен, немістер біздің жаққа қарай оқты боратып қоя берді. Әбүйір болғанда, қасымызда бомбадан қалған қазан шұңқыр жақын екен, жандәрмен домалап сонда түстік.
– Артиллерия, огонь!
Қашанда ұрысқа сақадай сай тұратын командирімнің саңқылдаған бұйрығы бізге анық естілді. Снарядтар біздің үстімізден зулай ұшып алдыңғы шептегі немістердің ойранын шығарды. «Хозвзводтың» сарбаздары винтовкаларымен қасымыздағы жауға қарай тарсылдата бастады. Енді алға шығып кеткен әскерлер телеграфпен бұйрық алды ма, кейін бұрылып оларда қалып қойған фашистерге оқты қарша боратты. Оған бүйірден Измурат екеуміз де қосылдық. Атыса отырып, фляганы сүйреп ілгерілейміз. Беліне ілген ожауы топырақты қырып көмекші аспазым да келеді.
Біз әскерлерге қалай жеттік, солай ұрыс тына қалды. Зеңбіректер жақтан көтеріле шалқыған қызыл жалаудың желбірегенінен осының бәрін командирім біздің аман қалуы­мыз үшін істегенін ұқтық.
Мөлтек судай бөлініп қалған жау жақтан бәрімізді таң қалдырып, ақ жалау көтерілді. Жаңағы тұс-тұстан болған аласапыран атыста,   жүні жығылып-ақ қалыпты. Еріксіз берілді.
Сол ұрыстан кейін мен «За отвагу» медалін алдым.

Тілеген БЕКАРЫСТАНОВ,
журналист
18 сәуір 2020 ж. 513 0