Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдасын жауға тастамаған Қайсар солдат

Жолдасын жауға тастамаған Қайсар солдат


Шеті қашанда сағым болып тұратын Сарысу жері теп-тегіс, жері от еді. Сарысудың жерінде қой, жылқы баққан малшы қауымы бір-бірінен атшаптырым жерге үйлерін тігіп, Сарысудың кең жайлауына әр жерге қоныс тебе беретін.
«Айдалада ақ отау» дегендей, Кейкібай да жылдағыдай қос киіз үйін өзі қалаған малының қамымен жайлы жерге тіккен.
Малдың жайымен көктемде көшетін малшы қауымы Сарысудың кең жайлауына көшіп қонып жүре беретін, Кейкібай да алды күз науқанына дайындалып, Тасарық жеріне қоныс тепті, бұл 1969 жылдың тамыз айының соңы еді.
Әйелі Болған өте пысық, кімнің үйі-дегенде, алыстан мен мұндалап тұратын қос аппақ киіз үй Болғанның ісмерлігін айшықтатып тұратын. Сарысудың жеріндегі күнделікті серігі ұшқан құс пен қасындағы алды 12 жасар Шәркүлі мен Шәріпкүлден басқа жан жоқ. Тым-тырыс жаймашуақ күндердің бірі болатын. Кейкібай бір отар қойын өріске шығарып кеткен.
Күнделікті күйбең тірліктерімен түйесі мен жылқысын, сиырын сауып, қыздарымен бірге шайын алдына алып жатқан.
Қашанда қазақы қонақ келсе жатыр­қамайтын әдетімен есік алдына тоқтаған машинадан түсіп, сау ете қалған үш жігітті ашық жарқын қарсы алып, барын алдына қойған.
Шұбат пен қымызын ішіп, өздерінше қызған жігіттер әзілдесіп, әңгімеге тартқысы келген, бұнан ешқандай ишарат болмаған соң орындарынан тұрып, жөндеріне кеткен.
Болған ананың көңілі күпті болып, әлгі жігіттердің орынсыз қалжыңдары мен сұғанақ көздерінен секемденіп қалды. Қымыздың буымен айдалада жалғыз үй, отыздың үстіндегі жас келіншек пен жасөспірім қыздар, мыңғырған қой мен мұжық қойшы, жігіттердің арам пиғылдарын оятқан болу керек. Шалы Кейкібайды асыға күтті.
Малын өрістен қайтарып, қораға қамаған соң, жайланып, шайын ішуге кіріскен отағасының дидарына назарлай отырып, жайымен күндізгі келген түстері суық, жүрістері суыт қонақтар жайлы айта бастады.
– Шал-ау, сақтықта қорлық жоқ. Атарыңды демдей сал, әлгі қонақтар түнде қайтып келіп қалама деп, қорқып отырмын,– деді.
– Саспа кемпірім, немістен қорықпаған жүрек қорқаулардан қорықпайды, – деп шалы да басу айтып, жігерлендіріп қойды.
Айтса айтқандай, қараңғы түсе қойшы иттерін ойбайлатып, машина да алысырақ келіп тоқтап, барлай қарап тұрды. Түннің тыныштығын қараша үйден шыққан зәрлі де бұйрықты дауыс бұзды:
– Кімсіңдер, атамын, қозғалмаңдар, – деген Кейкібайдың сөздерін қаперлеріне алмастан қараша үйге қарай ентелей жүгірген үшеудің алдыңғысын сес көрсетем атамын деп, санынан атып салды.
– Атамын, – деп өтірік айтып, қорқытқан шығар деп ойлаған үшеу мына соққыдан сасқалақтап машинаға қарай қаша жөнелді.
– Олар машинасына отырысымен Кейкібай дереу жайлаудағы 7-8 шақырым жердегі байланыс постысына қарай шаба жөнелді. Қарақшылар ұсталып, жазасын тартты, ал, адам аттым деп уайымдап жүрген Кейкібай қоғам малы мен өз жанұясын аман сақтап қалғаны үшін «Алғыс хатпен» марапатталды
Елін қорғап, бораған оқтан аман келіп, туған жерінің тыныштығын күзеткен Кейкібай Найманов – соғыс және еңбек ардагері. Бірнеше орден мен медальдардың иегері.
Тылдан келісімен өзінің туған жерінде Серікбай Сүлейменовтің бригадасында күріш еккен, содан өз алдына бір отар қой алып, көрші Бесарық аулында 30 жыл қой баққан.
Бұл біздің Кейкібай атамыздың еңбек жолындағы бір ізгілікті, еңбек сүйгіш қасиеті болса, ал майданындағы, әлі ауылдастары аңыз қылып айтар ерлік дастаны да бар.
Кейкібай Найманов 1941 жылы 120 адам мен бірге майданға аттанған. Майдан даласы... бораған оқ, бастарын көтере алмай жатқан бір рота.

Кенеттен бұлар жатқан жерге гүрс етіп мина жарылды. Бас көтеріп қараудың өзі қорқынышты, кім бар, кім жоқ болды...
Басын көтеріп барлай қараған Кейкібай ауылдан өзімен бірге келген қандыкөйлек досы Қоныспайдың қанға малшынып жатқанын көреді. Орнынан тұра жүгірген Кейкібайға рота командирі мылтығын кезеп тоқтатқан:
– Тоқта, біз жаудан шегініп бара жатырмыз, жаралыларды алып жүре алмаймыз.
– Жоқ, мен жан жолдасымды тастап кете алмаймын, ертең елдегілерге не айтам, – деп, кезенген мылтыққа қарамастан, еңбектей жөнелген.
Ұзын бойлы, еңгезердей ірі кісі Кейкібай кішкене бойлы Қоныспайды лақша арқасына лақтырып, жараланған жерінен ала жөнелген. Ұрыс даласынан шыққан бойы Қоныспайдың аузы бір тынбайды:
– Осыдан аман-есен қалсам, сенің еңбегіңді жемеймін, қарындасымды саған күйеуге беремін, – деп, бар уәдесі мен арман тілектерін айтып тауыса алмайды.
Рота шегіне-шегіне ұрыс даласынан қашыққа кеткен. Жол бойы Қоныспайдың қанына малшынған Кейкібай аман-есен жаралы солдатты госпитальға жеткізеді де, ротаны қуып жетеді.
Госпитальмен хабарласып, ауық-ауық Қоныспайдың хабарын біліп тұрған Кейкібай аяғынан жараланған Қоныспайды госпитальдан шыққан бойда елге қарай поезға шығарып салады.
Қош делік, сөйткен Кейкібай майданнан 1946 жылы бір-ақ келеді. Ел деп жүрегі алып ұшып келе жатқан Кейкібайды ауылдастары қуана қарсы алып жатқанда, Кейкібай өзінің бір кездегі қанды көйлек досы Қоныспайды іздейді.
Адамның арманы биік қой, 1948 жылға дейін Кейкібай үйленбей жүреді.
Болған уақиғаны естіп, намыстанған Кейкібайдың ағаларының бірі, сол кездегі колхоздағы ферма меңгерушісі Бәлке Байгереев інісі Кейкібайды алдап шақырып алып, ауылда магазинде сатушы болып жұмыс істейтін Қоныспайдың қарындасы Рәшті інісі Кейкібаймен бірге, магазинге қамап қойған екен, екеуі сөйлессін деп. Рәш өте ажарлы, сұлу кісі болған екен, бір түн бойы Кейкібай сөз айтпақ түгілі аузында ашпаған екен.
Болған жағдайдан еш хабары жоқ Рәш Кейкібайды менсінбеген екен. Қоныспай соғыстан аман-есен келсе де, қарындасы Рәшқа досына берген уәдесін батып айта алмаған деседі.
Ел арасындағы әңгіме осы, бәрі де адам тағдыры, біз бір-бірімізді кінәлап жатамыз, бірақ бәрі де Алланың бұйрығымен болатыны хақ.
Осындай артында еліне берген серті мен махаббатқа берік болған Кейкібай атамыз жайлы аңызға бергісіз әңгімеге куә болдық.

Рахима ДОСЖАНОВА,
газеттің штаттан тыс тілшісі,
Қоғалыкөл ауылы

29 қыркүйек 2018 ж. 816 0