Жеңіс тұғырындағы Сырдариялықтар
«Алтын күз – 2026» облыстық XXXIX ауыл спортшыларының спартакиадасы өз мәресіне жетті. Биыл байрақты бәсеке Жалағаш ауданында өтіп, спорттың 16 түрінен 1500-ға жуық әуесқой спортшы бақ сынады. Аймақтың ауыл спортшыларының басын қосқан дүбірлі жарыс – бұқаралық спортты дамытуды, ел тұрғындарын саламатты өмір салтына баулуды және жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруды мақсат етті. Спартакиада облыс көлеміндегі ауыл спортшыларының арасында өзара тәжірибе алмасып, спортшылардың шеберлігін шыңдайтын дәстүрлі жарысқа айналды. Биылғы спартакиадаға ауданнан 172 спортшы қатысып, спорттың бірнеше түрінен бақ сынады. Жарысқа қатысушылар өздерінің спорттық дайындығын ғана емес, ептілік, төзімділік, шапшаңдық пен жігерін де ортаға салды.Бұқаралық спортты дамыту – халықтың денсаулығын нығайтудың, адамдардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың және саламатты өмір салтын қалыптастырудың жолы. Әсіресе ауыл спортшылары арасында өтетін спартакиада спортқа деген қызығушылығын арттырып, белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Биыл өткен дәстүрлі спартакиада жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жарыс алаңындағы тартыс пен жанкүйерлердің қолдауы спорттың адамдарды біріктіретін күш екенін тағы бір көрсетті. Нәтижесінде сырдариялық спортшылар командалық есепте жүлделі екінші орын алды.
Спартакиада барысында сырдариялық волейболшы қыздар тартысты ойын өрнегін көрсетіп, қарсылас шақ келтірмеді. Сонымен қатар керемет ойын нәтижесін асықшылар, тоғызқұмалақшы ұлдар мен қыздар және қол күресшілер көрсетті. Бұл спортшылар бірінші орын алып, ауданның мерейін асырды.
Сонымен қатар жүлдегерлер қатарынан Президенттік көпсайыс пен теңге ілуден бақ сынаған спортшылар көрінді. Олар екінші орынға шықты. Намысты қолдан бермеген шағын футбол, бес асық, шахмат, аударыспақ ойыншылары үшінші орын тұғырынан көрінді. Спорттың басқа да түрлері бойынша волейболшы ұлдар төртінші орынды қанағат тұтса, көкпаршылар, баскетболшылар, қазақ күресінің палуандары, көкпаршылар, қол добы, гір спорты, үстел теннисшілер мен кермеге тартылушылар кейінгі орынға шықты.
– Биыл көрші ауданда өткен спартакиадада жарыс алаңына шығып, аудан намысын қорғаған спортшыларға алғысымызды білдіреміз. Олар дайындықтарын көрсетіп, жақсы нәтиже көрсетті. Команданың жүлделі орынға шығуына күш салған жекелей спорт түрінің спортшыларына ерекше ризашылығымызды айтамыз. Аудан спортын облысқа, республикаға танытып жүрген спортшылар табанды еңбек пен жеңіске деген жігерінің арқасында жетістікке жетті. Бұл жүлделі орын – бірлігіміздің жемісі. Аудан абыройын асқақтатқан жеңіс баршамызға құтты болсын, – дейді аудандық спорт бөлімінің басшысы Марат Ерташов.
Жүлдегер спортшыларды аудан әкімі Берік Сәрменбаев арнайы қабылдады. Қабылдауда аудан басшысы спортшылардың жетістіктеріне тоқталып, олардың жеңісіне үлес қосқан жаттықтырушылардың еңбегін атап өтті.
– Мемлекет басшысы «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спортты дамытудың маңызы айрықша» деп атап өткен болатын. Өздеріңізге белгілі, 9-13 қазан аралығында Жалағаш ауданында «Алтын күз – 2026» аудан спортшыларының ХХХІХ спартакиадасы өткен болатын. Бес күнге созылған ауқымды спорттық додаға ауданымыздан спорттың 16 түрі бойынша 170-ке жуық спортшы қатысып, аудан намысын абыроймен қорғады. Нәтижесінде аудан спортшылары 5 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Бүгінде аудан спортшыларының қоржынында Қазақстан Республикасы чемпионаттарынан – 56, Азия чемпионаттарынан – 3, әлем чемпионатынан – 1 жоғары нәтиже бар.
Биыл мемлекеттік қызметшілер арасында өткен облыстық спартакиадада аудан спортшылары жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Мұндай жетістіктер жаттықтырушылардың қажырлы еңбегі мен спортшылардың табысты өнер көрсетуінің нәтижесі деп білемін. Сондықтан біз әрдайым жаттықтырушылар мен спортшылардың еңбегін жоғары бағалаймыз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сонымен қатар, аудан спортының дамуына үлес қосқан бірқатар спортшыға аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, сала ардагері Мектепхан Елеусінов, «Алтын күз – 2026» спартакидасында Президенттік көпсайыстан 2-орын иегері Мұрат Бөдеев сөз сөйлеп, спортшыларды жеңісімен құттықтады.
Жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды, жаттықтырушыларды және осы жетістікке үлес қосқан барша жанашыр азаматтарды шын жүректен құттықтаймыз.
Бибісара ЖАНӘЛІ











