Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Чемпиондар шеберханасы

Чемпиондар шеберханасы

Сырдарияда балалар мен жасөспірімді спортқа тарту және ауылдық жердегі спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыста айрықша серпін бар. Бүгінде аудан бойынша 6-18 жас аралығындағы 3194 бала спортпен тұрақты шұғылданады. Жалпы алғанда, бұл көрсеткіш – ауыл жастарының спортқа қызығушылығы жоғары екенін айғақтайтын маңызды цифр.

Ауданның бірнеше ауылдық округінде спорт­тың әртүрлі бағыты қалыптасқан. Мәселен, Асқар Тоқмағанбетов ауылында дзюдо, Шағанда бокс, футбол, тоғызқұмалақ және қазақ күресі, Шір­кейліде еркін күрес, қазақ күресі, шахмат және тоғызқұмалақ, Ақжармада қазақ күресі, үстел теннисі, футбол және волейбол дамып келеді. Ал, С.Сейфуллин ауылында таеквондоға, Бесарықта бокс, волейбол және дзюдоға басымдық берілсе, Нағи Ілиясов ауылында футбол, панкратион, қазақ күресі және үстел теннисі бойынша жаттығу жүргізіледі. Қалжан ахунда қазақ күресі мен асық ату, Айдарлыда қазақ күресі кеңінен дамуда.

Аталған бағыттың барлығы – ауыл баласының өз қызығушылығы мен қабілетіне қарай спорт түрін таңдауына мүмкіндік береді. Әсіресе, қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық спорт түрінің дамуы – жас ұрпақты ұлттық құндылыққа тәрбиелеудің маңызды тетігі. Ауыл спортын дамыту тек үйірме санын арттырумен шектелмейді. Спортпен тұрақты айналысу үшін балаға қолайлы жағдай, сапалы құрал-жабдық және талапқа сай спорт нысаны қажет. Осыған байланысты ауданда спорт инфрақұрылымын жақсарту, қолданыстағы спорт нысанының жағдайын көтеру, оларды қажетті құралдармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Сырдария аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Марат Ерташов ауыл спортының бүгінгі аяқ алысына айрықша мән берді.

– Ауыл спорты – аудан спортының негізгі тірегі. Спортқа алғашқы қадамын ауылдағы спорт залынан немесе алаңынан бастаған баланың арасынан болашақ чемпион шығуы мүмкін. Сондықтан әрбір ауыл баласына спортпен айналысуға мүмкіндік жасау – біздің басты міндетіміз. Сол себепті спорт нысандарының жағдайын жақсарту, құрал-жабдықтарды жаңарту және әр ауылда сұра­нысқа ие спорт түрлерін дамыту жұмыстары жалғаса береді. Әрине, чемпион тәрбиелеумен қатар, спортты балалар мен жастардың күнделікті өмір салтына айналдыруға басымдық береміз. Дені сау, тәртіпті, мақсатшыл ұрпақ – елдің ең үлкен байлығы, – дейді бөлім басшысы.

Расында, ауылдағы спорттың дамуы – саламатты ұрпақ тәрбиесінің берік негізі. Футбол мен волейбол жастарды ұйымшылдыққа үйретсе, күрес пен жекпе-жек спорттары тәртіп пен төзімділікті қалыптастырады. Ал шахмат, тоғызқұмалақ секілді зияткерлік ойын ойлау қабілетін дамытады. Сондықтан ауыл спортына жасалған әрбір жағдай – болашаққа жасалған инвестиция. Бүгін спорт алаңында жаттығып жүрген жасөспірім ертең аудан, облыс, ел намысын қорғайтын спортшыға айналуы мүмкін.

15 тамыз 2026 ж. 81 0