2026 жылғы салықтық шегерімдерді қолдану
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енді. Оның басты бағыттарының бірі – табысы төмен азаматтардың салықтық жүктемесін азайту және салықтық жеңілдіктер жүйесін жетілдіру. Жеке тұлғалар үшін бұл ең алдымен салықтық шегерімдердің жаңаруымен байқалады. Мемлекеттік кірістер басқармасы әрбір азаматқа осы құқықтарын біліп, дұрыс пайдалануды ұсынады.Салықтық шегерім дегеніміз не?
Салықтық шегерім – жеке табыс салығын есептеу кезінде адамның табысынан алып тасталатын сома. Басқаша айтқанда, салық бүкіл табысқа емес, шегерімдер алынғаннан кейінгі қалған бөлігіне есептеледі. Шегерімдер неғұрлым көп болса, төленетін салық соғұрлым аз болады.Есіңізде болсын: 2026 жылдан бастап жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкала енгізілді. Жылына 8 500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі табысқа 10 пайыз, ал осы шектен асатын бөлікке 15 пайыз мөлшерлеме қолданылады. Қалыпты жалақы алатын қызметкерлердің көпшілігі үшін мөлшерлеме 10 пайыз деңгейінде қалады.
Қандай шегерімдер қолданылады?
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, 2026 жылдан бастап жеке тұлғалар шегерімнің үш түрін қолдануға құқылы:Әлеуметтік төлемдер бойынша шегерім.Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары және әлеуметтік аударымдар жеке табыс салығы салынатын табыстан шегеріледі.
Базалық шегерім: 14-тен 30 АЕК-ке дейін
Ең көпшілікке қатысты өзгеріс – базалық шегерімнің ұлғаюы. Ол ай сайын 30 АЕК мөлшерінде беріледі, ал күнтізбелік жыл ішінде 360 АЕК-тен аспауға тиіс. Бұрын бұл шегерім 14 АЕК болатын. 2026 жылы бір АЕК 4 325 теңгені құрайтындықтан, шегерім сомасы айына 129 750 теңге, жылына 1 557 000 теңге болады.
Базалық шегерім әрбір салық төлеушіге табыс деңгейіне қарамастан беріледі және салық салынатын табысты азайтады. Бір ескертетін жайт: ол тек бір салық агентінде, яғни бір жұмыс берушіде ғана қолданылады. Бірнеше жерде жұмыс істейтіндер шегерімді қай жерде қолданатынын алдын ала шешіп алғаны жөн.
Әлеуметтік шегерімдер: кімдерге берілген?
Әлеуметтік шегерімдер қоғамның осал топтарын қолдауға бағытталған. Олар екі деңгейде қарастырылған:882 АЕК мөлшеріндегі шегерім мына тұлғаларға тиесілі: үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар; Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестірілген тұлғалар; тыл еңбеккерлері; мүгедектігі бар баланың ата-анасының, қорғаншысының немесе қамқоршысының бірі; «бала кезінен мүгедектігі бар адам» деп танылған адамның ата-анасының, қорғаншысының немесе қамқоршысының бірі және басқалар. Толық тізімді Салық кодексінің 404-бабынан қараңыз.
Шегерімді қалай алуға болады?
Салықтық шегерімдерді қолданудың екі жолы бар:Жұмыс беруші арқылы.Жалақыны есептеу кезінде шегерімді жұмыс беруші қолданады. Әлеуметтік шегерімге құқығыңыз болса, оны растайтын құжаттарды жұмыс берушіге ұсыну қажет.
Декларация арқылы. Заңнамада көзделген жағдайларда салық декларациясын тапсыру кезінде шегерімді жеке тұлғаның өзі қолдана алады.Шегерімді уақытында ресімдемесеңіз, артық салық төлеп қалуыңыз мүмкін. Сондықтан құқығыңыз туындаған бойда жұмыс берушіңізге хабарлаңыз.
Қорытынды
Салықтық шегерімдер – заңмен берілген құқық. Базалық шегерімнің 30 АЕК-ке дейін өсуі жұмыскерлердің қолына тиетін табысты арттыруға мүмкіндік береді, ал әлеуметтік шегерімдер қолдауға мұқтаж азаматтардың жүктемесін жеңілдетеді. Өз құқығыңызды біліп, оны уақытында пайдалансаңыз, салықты заңды түрде азайтып, отбасы бюджетіне үнем жасай аласыз. Қосымша түсініктеме қажет болса, Мемлекеттік кірістер басқармасына хабарласыңыз.Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы
Сурет: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ










