ЖАРЫС КӨРІГІН ҚЫЗДЫРДЫ
Спортпен шұғылдану әрқашан сергек болуға жол ашады. Күні бойы жұмыстан бел жазбайтын азаматтар кейде салауатты өмір салтын ұстануды басты қағидаттарына айналдырған. Десек те дене белсенділігін қалыпты түрде шЫнықтырған адам ғана белсенді өмір сүре алады. Осындай ұранды өз өмірлеріне кіргізген мекеме қызметкерлері арасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің Орталық аймағы бойынша ауданаралық басқармасының ұйымдастыруымен 16 желтоқсан ҚР Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай шағын футболдан ашық турнир өткізді. Бұған Жалағаш, Сырдария аудандарының мекеме қызметкерлері қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Шағын футболдың ашылу салтанатында аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, Сырдария аудандық соттың төрағасы А.Абдуллаев сөз сөйлеп, мерекелік құттықтауларын жеткізді. Сонымен қатар әріптестеріне сәттілік тіледі.
Алғашқы кездесуде «Жалағаш 2» мен «Сырдария 2» командалары жолығып, нәтижесінде жалағаштықтардың бәсі жоғары болды. Келесі кезекте екі ауданнан құралған мекеме қызметкерлері арасындағы «Жалағаш1», «Сырдария 1» командалары кездесіп, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Осылайша 4 команда бір-бірімен жарысқа түсіп, жеңімпаздарды анықтады.
Жарыс қорытындысында жүлдері бірінші орынды «Жалағаш 2» командасы, екінші орынды «Сырдария 1» командасы, үшінші орынды «Сырдария 2» командасы иеленді. Ойын барысында үздік шыққан ойыншылар марапатталып, баға сыйлықтар мен дипломдарға ие болды.
Б.АЯБЕКҰЛЫ