Тоспа доп бәсекесінде топ жарды
Күнделікті адам жанына араша түсіп, олардың денсаулығына барынша жауапкершілікпен қарайтын ақ халатты абзал жандар спортта да осал емес екендіктерін байқатып келеді. Күні кеше Тереңөзек кентінде «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесі қарсаңында волейболдан мекемеаралық жарыс өткізілді. Аталған жарысқа 7 команда қатысып, өзара бақ сынады. Оның ішінде аудандық аурухана ұжымы бар.Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін тоспа доп бәсекесінде әріптестеріміз топ жарып, жүлделі І орынды жеңіп алды. Ерік пен жігерді жани түскен бәсекеде үздіктер қатарынан көрінуге біздің арулар барын салды.
Барлық команда арасынан жеңімпаз атанған аудандық аурухана ұжымына Сырдария аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Марат Ерташов арнайы кубок, «Диплом», қаржылай сыйлық табыстады.










