Ардагерлер Senat open шахмат чемпионатында бақ сынады
Жақында Қызылорда қаласында ҚР Парламенті Сенатының қолдауымен ұйымдастырылған Senat Open ашық біріншілігі аясындағы Сенат кубогының 1/8 финалы – шахматтан ардагерлер арасындағы Қызылорда облысының чемпионаты өтті.Турнир Қазақстан шахмат федерациясы мен ҚР Парламенті Сенатының және облыстық ардагерлер Кеңесінің қолдауымен үшінші жыл қатарынан өткізілді. Іріктеу кезеңдері еліміздің көптеген өңірінде ұйымдастырылып, шахматты кеңінен насихаттауға арналды.
Интеллектуалдық спортты дамытуға мүмкіндік берген чемпионатқа Қызылорда қаласы мен аудандардан 28 ойыншы келіп, өзара мықтыны анықтау үшін швейцар жүйесі бойынша 9 тур ойналды.
Жарыстың мақсаты – тұрғындар арасында шахматты зияткерлік дамудың тиімді құралы ретінде кеңінен насихаттау, ардагерлердің спорттық белсенділігін арттыру және 2026 жылғы Сенат кубогының 1/4 финалына жолдама алатын үздік ойыншыларды анықтау болды. Сондай-ақ бұл турнир ардагерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, саламатты өмір салтын қалыптастыруға да ықпал етті. Жарыс нәтижесі бойынша үздік шыққан алғашқы 20 адам ширек финалға жолдама алды.
Айта кетейік, аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастырып жарысқа жіберген 9 шахматшы ардагердің 7-еуі жүлдегер қатарынан көрінді.
Турнир қорытындысы бойынша әр ауданның үздік ойыншылары мен жарыс жеңімпаздары, жүлдегерлер ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сырдариялық ардагерлер арасынан Нағи Ілиясов ауылынан 86 жастағы қарт Еркін Бекенов үздік ойыншы атанды. Сонымен қатар Аманкелді ауылының қос қариясы 80 жастағы Жеңісбек Омаров пен 78 жастағы ардагер Қайролла Жүсіпбеков, Нағи Ілиясов ауылынан Анықбек Қаймолдаев, қалжанахундық Айтан Мұстафаев, аманкелділік Исабай Жүсіпов аудан ардагерлерінің атынан тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Спорт саласының ардагері, Мектепхан Елеусінов осы турнирде облыс чемпионы атанды. Жеңімпаз ардагер алдағы уақытта аймақ намысын қорғап, республикалық деңгейде бақ сынайды.
«Тт» ақпарат











