Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қадағалау бар жерде жұмыс өнеді

Қадағалау бар жерде жұмыс өнеді

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев тұрақты түрде аудан орталығындағы және барлық елді мекендегі әлеуметтік нысаның жұмысымен танысуды өз жоспарына енгізген. Мәселен, жақында аудан басшысы мәслихат төрағасы Ержан Әжікеновпен бірге Тереңөзек кенті мен Ақжарма, Сәкен Сейфуллин, Нағи Ілиясов, Шаған ауылына барып, бірнеше мекеме мен жергілікті халық үшін деп жасалып жатқан жүйелі қызмет түрімен қанықты.

Ең алдымен, аудан әкімі аудандық ау­ру­хананың меди­циналық қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмысымен танысты. Бүгінде ау­дан­да медицина саласын дамыту және тұр­ғындарға көрсетілетін денсаулық сақтау саласындағы қызметтің сапасын арттыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Оның ішінде, жақында ғана ауруханаға «PHILIPS» маркалы компьютерлік-томог­рафиялық аппарат жеткізіліп, бүгінде нау­қас­тардың диагнозын анықтауда септігін тигізуде.

Бұдан кейін аудан басшысы Тереңөзек кентіндегі «Балдәурен», «Қыз­ғал­дақ», «Айгөлек» балабақшасын аралап, әлеу­меттік нысандардың жай-күйіне назар ау­дарды. Білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие үдерісінің ұйымдастырылуы, материалдық-техникалық база, сани­тар­лық талаптардың сақталуы, балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада тәрбиеленуіне назар салып, әрбір балабақшаның жылыту қазандығын көрді.
Кезекті мәрте Сәкен Сейфуллин ауы­лын­дағы күрделі жөндеуден өткен №137 орта мектепке барған аудан басшысы оқу кабинеттерінің жабдықталуын, материал­дық-техникалық базасына баға берді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, Үкіметтің және аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен өңірдің білім саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде, аймақтағы білім ошақтары кезең-кезеңімен жаңалануда. Бұл – болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына бағытталған нақты әрі жүйелі жұмыс, – деді аудан әкімі.

Мұнда аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар мен аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып ағартушылық салаға жасалып жатқан ілкімді істерді саралап айтып берді.

Өз кезегінде аудан әкімі Ақжарма ауы­лына арнайы іссапармен барды. Елді мекенде қазіргі уақытта «көгілдір отын» тарту жұмыстары қарқын алған. Ауылды газдандыруға байланысты жүргізіліп жат­қан жобаның сапалы орындалуы – бас­ты назарда.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың газбен қамтылған елді мекен­дердің санын арттыру және газ желілерін жаңғырту жөніндегі міндеттеріне сәйкес, өңірлерде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен аймақта газдандыру деңгейі 83 пайызға жетті. Ауданда бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Өткен жылы Нағи Ілиясов пен Шаған ауылдары табиғи газға қосылса, биыл Ақжарма ауылында газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы мен уақытында аяқталуы қатаң бақылауда болады, – деді аудан әкімі.

Анығын айтқанда, жалпы жоба құны 1,8 млрд теңгені құрайтын газдандыру жұмыстарын «Алия Сервис» ЖШС ат­қаруда. Қазіргі таңда елді мекен ішіне газ құ­бырларын тарту жұмыстары жүргізілуде.

Елді мекенге іссапар барысында аудан басшысы спорт нысанын да аралап көрді. Бүгінде Ақжарма ауылдық спорт клубында үстел теннисі, футбол, дзюдо, қазақ күресі және еркін күрес бағыттары бойынша 6 үйірме тұрақты жұмыс істейді. Аталған үйір­мелерде барлығы 230 бала қамтылған. Бұл ауыл жастарының саламатты өмір салтын ұстануына, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және болашақта спорт­тық жетістіктерге жетуіне оң ықпал етуде.

Аудан әкімі спорт нысанын одан әрі жетілдіру, үйірмелер санын арттыру мәсе­лелері бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырма жүктеді.
Келесі күні аудан әкімі Берік Сәрменбаев Нағи Ілиясов және Шаған ауы­­лына барды. Ең алдымен, аудан басшысы батыр атындағы ауылда бірер жыл бұрын салынған дәрігерлік амбулатория­да болды. Медициналық нысанды аралап, медициналық қызмет сапасына және ғимараттың жай-күйіне мән берді.

– Соңғы үш жылда облыста денсаулық сақтау саласына 441 млрд теңге қаржы бөлініп, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бар­лық аудандарда 28 медициналық нысан жаңадан салынды. Соның ішінде, Н.Ілиясов ауылындағы дәрігерлік амбу­латория 2023 жылы пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай келетін нысанда тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ, ғимарат тазалығына мән беріп, ұқыптылықпен, жауапкершілікпен сапалы күйінде сақ­талуын қамтамасыз етіп, кемшіліктер болмауы қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Бүгінде дәрігерлік амбулаторияда ауыл тұрғындарына 12 медицина қызметкері қызмет көрсетіп, 10 жатын орынмен қам­тылған. Медициналық нысан заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда алғашқы ме­ди­циналық-санитарлық көмек көрсету, тұр­ғындарды профилактикалық тексеруден өт­кізу және жоспарлы ем-шаралар жүргізу жұмыстары жүзеге асырылады.
Шаған ауылындағы №12 спорт мек­те­­бі­нің жұмы­сымен танысқан аудан әкімі ны­­­­санының материалдық-тех­никалық ба­­­­­­­­за­­­сы, ғимараттың жалпы жағдайы, жат­­тығу залдарының талапқа сәйкестігі және үйірмелердің жұмыс барысын, жылу қазандығының жұмысын көрді.

Бүгінде Шаған ауылдық спорт мекте­бінде футбол, бокс, қазақ күресі бағыттары бойынша үйірме тұрақты жұмыс істейді. Аталған үйірмелерге барлығы 230 бала қам­тылған.

Аудан әкімі спорт нысанын одан әрі жетілдіру, үйірме санын арттыру мәсе­лелері бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырма жүктеді. Спорттық нысанның сани­тарлық тазалығына қатысты ескерту жасап, шұғыл қалпына келтіруді тапсырды.

Сонымен қатар аудан басшысы Шаған ауылындағы Өнер мектебінің жұмысымен танысып, ғимараттың жай-күйі, оқу каби­неттерінің жабдықталуы, үйірмелердің жұ­мыс барысын көрді.

Бүгінде Шаған ауылдық Өнер мекте­бінде домбыра, хореография, қобыз, скрип­­ка, вокал, дәстүрлі ән бағыты бойын­ша үйірмелер жұмыс жасайды. Аталған үйірмелерге барлығы 180 бала қамтылып, олар өнердің түрлі салалары бойынша білім алып, шығармашылық қабілеттерін жетілдіруде.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
31 қаңтар 2026 ж. 333 0