Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Асық ойынына қатысты ғұрыптар мен ырымдар

Асық ойынына қатысты ғұрыптар мен ырымдар

Асық ойыны – қазақы ортада ерекше кең тараған ұлттық ойынның түрі, оны көшпелі этномәдени орта тудырған төл тума өнер ретінде де бағамдауға болады. Ойынның негізгі объектісі де, құралы да – асық.

Асық және асық ойынына байланысты басқа да ғұрыптар мен ырымдар туралы 
massaget.kz жазады.

Қазақы ортада асықтың малдың анатомиясы мен физиологиясындағы маңызы мен рөлі жоғары бағалағаны айқын аңғарылады. Оның үстіне, сүйектің осы бір мүшесінің айрықша шымырлығы мен мықтылығы және өзіндік эстетикасы оны алғырлықтың, үйлесімділік пен төзімділіктің, ақжолтайлықтың да символына айналдырды. Тілімізде ежелден орныққан "қой асығы демеңіз, қолайыңа жақса сақа ғой" немесе "бүге-шүгесін шығару", "бүге-шүгесіне дейін білу", "асығы алшысынан түсу", "алтын асықтай", "киіктің асығындай" деп келетін сан алуан тұрақты сөз тіркестері асықтың осындай айрықша символдық мәніне байланысты қалыптасқан.

Жалпы қазақ халқы өзі құрмет тұтқан құнды затты ғұрып пен ырымға айналдыра білген жұрт. Сан ғасырлық қолданысы бар асықты да ғұрыпқа айналдырған.

Мәселен мал төлдеп жатқанда, балалардың асық ойнауына тыйым салған. Өйткені осындай сәтте ойнау малдың киесін мазақтау деп есептеген. Яғни, мал иесін шамдандырады деп сенген. Салдары төл шығынына ұшыратады деп болжаған.

"Алты жыл аш болсаң да асық етін мүжіме, тоқ болсаң да тобық мүжі" деген сөз бар елде. Халық танымынша, асықты мүжу – нашар әдет, жат қылық. Елді молшылықтан айырады деп топшылаған. Асық мүжіген жұрттың ел-даласы жазда қуаң, қыста жұт болады, қырсық шақырады деседі. Қуарған асық қуарған жазды еске салса керек. Қуарған асық қуарған апатты шақырады деп ғұрыптық әрекетке айналдырған көрінеді.

Асықты жілікті мүжуге болады. Бірақ толық, мұқият мүжу керек. Ұл бала асық жілікті дұрыс мүжімесе, шала-шарпы қалдырса, болашақ қалыңдығы салақ, баласы қожыр-қотыр болады-мыс.


04 маусым 2021 ж. 1 546 0