Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Асық атудан жарыс ұйымдастырылды

Асық атудан жарыс ұйымдастырылды

Жақында С.Сейфуллин ауылдық округі әкімдігі халқымыздың ұлттық ойыны асық атудан спорттық жарыс ұйымдастырды. Жарысқа ауыл жастары мен мектеп оқушылары белсене қатысты.

Асық ату жарысы ел Тәуелсіз­дігінің 30 жылдығына және «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасында атап көрсе­тілген бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткізілді. Ауыл әкімдігі аудандық газет, «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы алдын ала хабарландыру жариялады. Нәтижесінде, жарысқа қатысуға ауылдың 10 жасөспірімі тір­келіп, спорттық бәсеке карантин талаптары сақтала отырып өткізілді.

– Асық ату ойыны шапшаң­дыққа, дәлдікке, тез қимылдауға тәр­биелейді. Ұлттық ойынды жаң­­ғырту бағытында қолға алын­ған игі бастаманы қол­даймыз. Жа­рысқа қатысушыларға сәт­тілік тілеймін. Алдағы уақытта да осын­дай спорттық іс-шаралар өт­кізілсе, бұқаралық спорттың дамитыны, жастардың спортқа деген қызығушылығы артатыны анық, – деді жарыстың ашылуында аудандық мәслихат депутаты Б.Есназар.

Жарыс топтық режимде ұйым­дас­тырылды. Яғни тіркелген жасөс­пірімдер екі адамнан жұп құрап, ұлт­тық ойынның көрігін қыздырды.

– Асық атудан жарыс ұйымдас­тырылады дегенде қуандық. Себебі ұлттық ойын қазір ұмытылып бара жатыр. Қала мен аудан ор­талығында асық ойнайтын балалар аз қалғанын да білеміз. Ал біздің ауылда асық ойнына икемді, сақалары сақадай сай жастар көп. Наурыз мерекесінде де асық атудан жарыс ұйымдастырған болатынбыз. Жалпы ауыл жастарының спортқа деген ынтасы жоғары,– дейді ауылдағы №137 орта мекте­бінің дене­шынықтыру пәнінің мұға­лімі Орынбасар Жақсылықов.

Жарыс қорытындысында Ел­жан Тө­ре­­бекұлы, Асылан Кә­рім, Әсет Русланұлы, Әділет Рус­ланұлы спорт бәсекесіне белсене қатысқаны үшін алғыс хатпен марапатталды. Ал жүлделі бірінші орынды 9 «б» сыныбының оқушылары Сұлтан Дос­майлов пен Аслан Сәруар иеленсе, екінші орын 9 «а» сыныбының оқушылары Ерсұлтан Жарқынбекұлы мен Рамазан Әубәкірға бұйырды. Үшінші орын тұғырынан 8 «а» сыныбының оқушылары Мирас Амангелдин мен Бекнұр Балтабаев көрінді.

Марапаттау салтанатына қа­тыс­қан аудандық мәслихат депутаты, «Jas Otan» ЖҚ аудан­дық бө­лімшесінің басшысы А.Ибрагимұлы жарысты ұйым­­дастырушыларға ал­­ғыс айтып, жеңімпаз жастардың спорттың шыңын бағындыруына тілектестігін білдірді. Сондай-ақ №137 орта мектеп директоры Б.Есназармен, ауыл әкімдігінің жастар ісі жөніндегі әдіскері Б.Бе­кіш­овпен бірге жастарға жә­не денешынықтыру пәнінің мұға­лімі О.Жақсылықов, Т.Есекеев, Н.Ержанов, Ә.Әлиевке аудан­дық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы мен ауыл әкімінің қолы қойылған алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс­тады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 

29 мамыр 2021 ж. 552 0