Асық ойнау ептілікке баулиды
Баланы ептілікке, шапшаңдыққа, мергендікке, қырағылыққа, дәлдікке тәрбиелейтін, қазақы ғұрпымызбен біте қайнасқан ұлттық ойынның бірі – асық ойыны. Бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпаған ұлттық ойынның негізін ата-бабамыз ертеректе ойлап тапқан. Оның тарихы сонау Қазақ хандығы тұсынан бастау алған.
Қазақ халқының дәстүрлі, балалар арасында кең тараған асық ойынын күндіз де, түнде де ойнауға болады. Яғни күндізгісі – мергендікке баулыса, түнгісі – ептілікке үйретеді. Асық төрт түлік малдың тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Негізінен қолға ұстауға икемді болу үшін көбіне уақ малдың асығын ойынға пайдаланады. Бәрімізге белгілі «сақа» асықтың үлкені болып саналады. Сонымен қатар, «кеней» ойнауға арналған қарапайым асық, «шүкейт» жас малдың асығы, «қойлық» қойдың асығы, «ешкімек» ешкінің асығы. Сондай-ақ «құлжа» құлжаның асығы, «көктабан» қорғасын құйылған салмақты сақа асық, «топай» сиырдың асығы, «жабай» ірі асық, «қолқар» арқардың асығы болып бөлінеді. Әрі асықтың атауы да ерекше назар аудартады. Ойын ойнап, иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқы деп аталады. Халық арасында ережесіне сай асық ойынының көптеген түрі тараған. Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында – «тақталық», күні бойы дала кезген бала үшін – «алаңдағы» түрі дағдыға айналған. Нақтырақ айтар болсақ, «тақталық» түріне «хан», «ханталапай», «хан ату», «құлжа ату», «құмар», «қақпақыл», «қаржу», «қаржымақ», «сасыр», «төрт асық», «бес тас», «бес асық», «иірмекел» жатады. «Алаңдағы» түрі «арқаласпақ», «алты атар», «омпа», «кетсін бір», «шыр», «бәйге», «алшы», «бес табан», «көтеріспек», «атқабыл» түрі дағдыға айналған. Тағы да басқа түрлері әр өңірдің өзіне сай мәдениеті мен менталитетіне байланысты дамып отырған.
Қазақ халқы асықты қастерлеген. Осыған байланысты сан ғасырлық қолданысы бар асыққа қаншама атау, таным мен пайым, ұғым-түсінік, мақал-мәтел, аталы сөз пайда болды және күнделікті қолданып келеміз. Мәселен «қой асығы демеңіз, қолайыңа жақса сақа ғой» немесе «бүге-шүгесіне дейін білу», «асығы алшысынан түсу», «алтын асықтай», «киіктің асығындай» деген сөздердің астарында үлкен мән жатыр. Сондай-ақ мал төлдеп жатқанда, балалардың асық ойнауына тыйым салған. Өйткені осындай сәтте ойнау малдың киесін мазақтау деп есептеген.
«Алты жыл аш болсаң да асық етін мүжіме, тоқ болсаң да тобық мүжі» демекші, халық танымында асықты мүжу – нашар әдет, жат қылық. Елді молшылықтан айырады деп топшылаған.
«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деп бекер айтпаса керек-ті. Жастарды ептілік пен төзімділікке баулыған асық ойынының ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде қалуы маңызды құбылыс. Бүгінгі таңда асық ойнайтын балалардың қатарын байқамайсыз. Дәл қазіргі уақытта жаһандану үдерісіне ілескен жас буын өкілінен байқағанымыз асық ойнауға деген қызығушылығы күрт төмендеген. Бұрынғыдай көше бойында топ болып жиналған баланы көрмейсіз. Тек ұлттық спорт түрлеріне жатқызылып, белгіленген күнде жарыс өткізумен шектелмей, әр шаңырақта қамшыұстар ұлына асық ойнау үйретіле білсе, келешегіміз кемелдене түсетіні анық.
Таңшолпан ҚАЛДЫБЕКҚЫЗЫ
Фото: ortalyq.kz