Қазақстан рекордын жаңартқан қадам

Жақында Алматы қаласында жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты және «Alatau-2025» International Masters Athletics Tournament халықаралық турнирі өтті. Аталған жарысқа тереңөзектік спорт саңлақтары қатысып, жеңіс төрінен табылды. Аудандық спорт клубының жеңіл атлетика жаттықтырушысы Эльмира Раимқұлова ұзындыққа секіруден 2-орын, ядро лақтыру бойынша 1-орын, 2000 метр кедергіден жүгіруден 1-орын және 5000 метр спорттық жаяу жүруден 1-орын иеленіп, Сыр спортының жұлдызын жағып, аудан мерейін асырып келді. Сондай-ақ осы салада шәкірт тәрбиелеп жүрген спортшы 2000 метр кедергіден жүгіруден Қазақстан Республикасының рекордын жаңартып, ауданның ғана емес, облыстың атын әуелетті.
Аталған жарысқа Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Болгария, Беларусь, Украина елдерінен спортшылар қатысқан. Ал жерлесіміз бұл байқауға бір жыл бойы тыңғылықты дайындалып, нәтиже көрсетіп отыр. 35-39 жас аралығындағы қарсыластарын басып озған Эльмира Қазақстан Республикасының Чемпионы атанып, рекордты жаңартты. Желаяқ спортшы ұзындыққа секіру бойынша 3,36 метрді бір дегенде секірсе, 5000 метрді 34 минутта жаяу жүріп, 2000 метрді кедергілерге қарамастан 9 минут 56 секунд ішінде жүгіріп өткен. Спортта әр минут, әр секунд маңызды екенін еске түсірсек, жерлесіміздің бірнеше жыл бойғы еңбегінің ақталғаны зор мақтаныш.
– Кішкентай кезімнен бастап спортқа құмар болдым. Мектепте оқып жүргенде жүгіру, мылтық ату және жүзумен айналыстым. Кикбоксингтен спорт шеберін орнаттым. 2019 жылға дейін баскетбол, гандбол ойнадым. 2019 жылы сәуір айында аяғымнан қатты жарақат алып, 2020 жылдан бастап жүгірумен айналыстым. Балалық арманым жүгіру спортында өзімді шыңдап, нәтижеге жету болды. Шет елдерде Қазақстан Туын көтеріп, спорт саласына өзіндік үлесімді қосуды мақсат еттім. 2023 жылы Филиппин елі Манила қаласында өткен «Азия Masters» Чемпионатында жеңіл атлетикадан 10 шақырым қашықтықта 2-орын иелендім. 2024 жылы қараша айында Түркияда өткен Стамбул марафонында 4-орын бұйырды. 42,195 шақырым қашықтықта жүгіріп, «10 үздік спортшы» қатарына кірдім. Ал 2025 жылдың қаңтар айында Дубай марафонына қатысып, 2025 жылдың сәуір айында өткен Москва 21,195 шақырым жартылай марафонына жолдама алдым. Сол елде жүгіріп, 2026 жылы өтетін Лондон марафонына жолдама алдым, – дейді спортты жанына серік еткен Эльмира.
Айта кетейік, жерлесіміз Алматы қаласында өткен жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының Чемпионатында жүлдемен қатар Үндістанның Ченнай қаласында болатын «Азия Masters» жеңіл атлеттер жарысына жолдама жеңіп алған. Бір күні де жаттығусыз өтпейтін спортшы алдағы күз айларына жоспарланған Үндістан сапарына дайындықты қазірден бастап кеткен.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ