Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жанкүйерлер қос батыр аруымызды құрметпен қарсы алды

Жанкүйерлер қос батыр аруымызды құрметпен қарсы алды

Жуырда Шри-Ланканың Коломбо қаласында бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатында ел намысын қорғаған қызылордалық қос батыр қызымыз өңірімізге олжалы оралды. Шаршы алаңда табандылық пен шеберлікті ұштастырған жерлестеріміз бір алтын, бір күміс медаль жеңіп алып, аймақтың ғана емес, қазақ елінің мерейін үстем етті.

Атап айтқанда, 75 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен ержүрек спортшымыз Зарина Толыбай финалдық кездесуде қырғыздық боксшыны екінші раундта айқын басымдықпен жеңіп, алтыннан алқа тақты.

Ал 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ақбота Болат намысты қолдан бермей, Азия чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды.

Осыған орай, бүгін Қызылорда қаласының темір жол вокзалында боксшы аруларымызды туған-туыстары, спорт жанкүйерлері мен қала тұрғындары зор қошеметпен қарсы алды. Жанкүйерлер Сырдың ерке қыздарына гүл шоқтары табыстап, ақ бата мен жүрекжарды лебіздерін айтты.

Батыр қыздарымыздың бұл жеңісі жас буынға үлкен серпін беріп, олардың спортқа деген қызығушылығын оятып, жеңісті жолды жалғары анық. Еліміздің абыройын асқақтатқан қыздарымызға алдағы уақытта да толағай табыс тілейміз!

@Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы
Фото: Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

26 мамыр 2025 ж. 146 0