Азия рекордын орнатты
Газетіміздің тұрақты оқырманы Дастан Смайлов жанына бір жігітті ертіп, редакцияға келді. Келісімен қасындағы иықты, ірі денелі жігітті таныстырды. «Бұл Азамат деген жігіт. Өзі – спортшы. Азия біріншілігіне барып, қос алтынды еншілеген» деп жас спортшының жетістіктерін тізбектеп берді. Азиядан олжалы оралған Азаматпен жақын танысып, оның спорттық мансабын білдік.
Асқар ауылының тумасы Азамат Ақылбеков 2011 жылдан бері гір тасын көтеру спортымен айналысып келеді. Алғашқыда 70 келі салмақта спорттық жарыстарға қатысып бақ сынаған. Оның алғашқы жеңісі – күміс жүлде. Оны ҚР чемпионатында ұзын циклмен серпе көтеруде жеңіп алған. Артынша Украинаның Керчь қаласында өткен Әлем чемпионатында жұлқа көтеруден алтыннан алқа тағып, еліміздің көк байрағын желбіретті.
Бүгінде спортшы ауыр салмақ дәрежесінде халықаралық додаларға қатысып, биіктерді бағындыруда. +90 келі салмақта ол Қостанай мен Ақтөбе қаласында өткен ҚР чемпионатында қола медальді қоржынға салған. Ал Өзбекстан Республикасының Хиуа қаласында өткен Азияның ашық біріншілігінде мықты спортшы екенін тағы бір дәлелдеді. Көршілес мемлекеттегі жарыста жұлқа көтеру және қоссайыс нәтижесінде қос алтынды жеңіп алып, ел мерейін үстем етті. Қоссайыс бойынша 208 ұпай жинап, Азия рекордын орнатты. Айта кетейік, Азия біріншілігіне ардагерлер арасындағы жарысқа қатысқан сырдариялық Төлеген Жеңісбек те алтын алып, елге олжалы оралды.
Азия рекордын орнатқан жас спортшыны №135 А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі, спорттық үйірме жетекшісі Дархан Бодықов жаттықтырып келеді. Ал халықаралық додаларға баруға «А.Тоқмағамбетов ЛТД» ЖШС төрағасы Меңдіғали Есжанов демеушілік көрсетеді. Шаруашылық төрағасы қай сала болмасын, әркез жастарға қолдау білдіреді.
– Жақында шаңырақ көтеріп, отбасын құрдым. Соған байланысты шамалы уақыт спорттан қол үзіп қалдым. Енді қайта жаттығуға кірісемін. Спорттық мансабымды жалғап, әлемдік жарыстарға қатысу ойда бар. Алдағы уақытта үлкен додаларда бағымды сынайтын боламын, – дейді Азияның екі дүркін чемпионы.
Аудан, облыс, ел мерейін үстем етіп жүрген жас спортшының биік белестерді бағындыруына тілектеспіз.
Е.БЕРКІНБАЕВ