«Сырдария барысы»: боз кілемде – палуандар бәсекесі
Қазақ күресі – ұлттық төл спортымыз. Боз кілемде бәсі биік болған спортшыларымызды төл өнерге баулудың, насихаттаудың мәні зор. Осы ретте жыл сайын аудан көлемінде «Сырдария барысы» турнирі өтеді. Жаурыны жер иіскемеген палуандар сайысы биыл ауданымызда үшінші мәрте ұйымдастырылуда. Спорттық іс-шараның ашылуына аудан әкімі Б.Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық мәслихат депутаты А.Есназар, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қ.Асанұлы, облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Асетхан Баймұрза қатысты.Аудан басшысы Республика күні қарсаңында жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Чемпион болу – ел мерейін асыру деген сөз. Спортшылардың даңқы – барша халықтың даңқы. Олардың мәртебесі – бүкіл мемлекеттің мәртебесі. Сондықтан біз спортшыларымыздың әр жетістігін мақтан тұтуымыз керек. Мұның бәрі спортты насихаттап, саламатты қоғам құру үшін өте маңызды» деп атап көрсетті. Ел Президентінің тапсырмасымен, Үкіметтің және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен аймағымызда спорттың бұқаралық сипатын дамытуға ерекше мән берілуде. Облыс орталығында құны 2,7 млрд теңге болатын үстел теннисі пайдалануға берілді. Жақында заманауи талаптарға сай келетін 11 мың орындық жаңа стадион салтанатты түрде ашылды. Соңғы үш жылда өңірде 20 спорт кешені салынып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен тағы 6 спорт кешені пайдалануға беріледі. «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен 2,9 млрд теңгеге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде. Сырдарияның сол жағалауынан 6,8 млрд теңгеге халықаралық стандарттарға сай, жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы және облыс орталығынан құны 20,5 млрд теңге болатын көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сырдария ауданында спортты дамытуға үлкен қолдау жасалып, мәдени-спорттық іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Бүгінгі үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Сырдария барысы» – осының айғағы. Осы жарыс арқылы чемпиондарымыз шығып, ұлттық спортты дамытуға өз үлестерін қосуда, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Тәуелсіздік жылдары қазақ күресінің жаңа сатыға көтеріліп, заманауи сипат алуына һәм спорттық сайыс ретінде көрерменнің көзайымына айналуына ықпал еткен «Қазақстан барысы» турнирі болса, жыл сайын аудан спортшылары бақ сынайтын «Сырдария барысы» ауданда өз жалауын көтереді. Бүгінде қазақ күресін пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізу туралы бастама да айтылып жүр. Ұлттық спортты насихаттау әрі жандандыру мақсатында ұйымдастырылған турнир қорытындысы бойынша 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде І орынды Мадияр Дастанов, ІІ орынды Абылай Дастанұлы, ІІІ орынды Бағдәулет Сәбитұлы еншіледі. Ал 55 келіден жоғары салмақта І орынды Спандияр Алмаханов, ІІ орынды Шоқан Уәлиханов, ІІІ орынды Айдын Зарлықов жеңіп алды. Жеңімпаздарға чемпиондық белбеу, медаль, диплом мен қаржылай сыйлық табысталды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ











