Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жерлестерімізді жігерлендірген жеңіс

Жерлестерімізді жігерлендірген жеңіс

Спорттағы жарқын жетістік кез келген жанкүйер мен бапкердің делебесін қоздырып, ерекше қуаныш сыйлайтыны рас. Сырдариялық ағайын он күн бойы жерлестерінің тілеуін тілеп, жолына үмітпен қарады. Яғни аудан спортшылары 11-21 қыркүйек аралығында төрт жылда бір мәрте өтетін ауыл спортшылары арасындағы республикалық «Ақ бидай» VIIІ спартакиада ойынында бақ сынады.

Облыс құрамасының сапына кірген жерлестеріміз волейбол, жекпе-жек, кикбоксинг, қол күресі, асық ату, садақ ату, гір спорты, тоғызқұмалақтан барды. Жеңіс тұғырына жету жолында аянып қалмаған әрбір спортшы аудан мен облыс намысын лайықты қорғады. Спартакиадада 18 спорт түрінен медальдар жиынтығы сарапқа салынып, өңірлер арасындағы бәсеке қыза түсті.


Айта кетейік, аудан спортшылары үшін қол күресінен тарихи жетістік орын алды. Аудан спортының тарихында төрт жылда бір келетін байрақты бәсекеде 60 келі дәрежесінде Нұрсәт Смат күміспен күптелді. Мұндай сүйінші жаңалықты жас спортшының бапкері Жасұлан Өмірбаев бізге жеткізді. Аудандық спорт клубындағы қол күресі үйірмесінде жаттығатын оның алдағы уақытта талай белесті бағындыратынына сенеміз. Ал 95 келі салмақтағы жекпе-жек спортының майталманы Данияр Жүсіпбаев қола медаль еншіледі. Өз кезегінде тоғызқұмалақ спортынан облыс құрамасында болған Жантөре Аманқос пен Ерасыл Пернебаев жеңіске жетті. Облыстың тоғызқұмалақшылары алтыннан алқа тағынды.

                                        
– Сырдария ауданынан барған барлық спортшыдан үлкен үміт күткеніміз анық. Ерік-жігері мықты спортшыларымыз қайраттылық танытты. Біз олармен қашанда мақтанамыз. Республикалық «Ақ бидай» VIIІ спартакиада ойынында осал қарсылас жоқтығын байқадық. Еліміздің кіші олимпиадасында жүлдегерлер қатарынан көріну – зор мақтаныш. Алдағы уақытта спортшылар дайындықтарын пысықтап, әлемдік, халықаралық додаларда жеңімпаз атануға ұмтылады, – деді аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Марат Ерташов.


Балтабай ОРДАБЕКОВ

23 қыркүйек 2025 ж. 142 0