Зияткерлік ойын жеңімпаздары
Өткен аптада Қызылорда қаласында 50 жастан асқан ардагерлер арасында облыстық спартакиада өткізілді. Спорттың бірнеше түрінен ұйымдастырылған жарысқа сырдариялық ардагерлер де белсене қатысты.
Тәжірибесі толысқан ардагер спортшылар үстел теннисі, шахмат, шағын футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, қазақ күресінен бақ сынады. Бабы мен бағы келіскен азаматтар кіл мықтының арасынан үздік болуға талпынды. Осылайша, аудан спортшылары шахмат пен тоғызқұмалақтан жүлдегерлер қатарынан көрінді. Өз кезегінде білікті спортшы Мектепхан Елеусінов шахматтан ІІ орынды, Кенбай Қарашаев тоғызқұмалақтан І орынды, Бауыржан Тәженов ІІІ орынды жеңіп алды. Командалық есепте тоғызқұмалақшылар ІІІ орынды иеленді.
– Сырдариялық ардагерлер жыл сайын дәстүрлі түрде облыстық спартакиадаға қатысыды. Облыс бойынша Қызылорда қаласы мен 7 ауданнан сақадай сай дайындалған спортшылар жарыс көрігін қыздырды. Жарыс барысында өзара тәжірибе алмасу жүргізілді. Аудан намысын қорғаған біздер зияткерлік ойындардан дара шығуға тырыстық. Ұзақ уақыт дайындықтың арқасында жеңіске бір табан жақындадық. Алдағы уақытта аудан мерейін тасытып, байрақты бәсекелерден жүлделі болуға барымызды саламыз, – дейді ардагер спортшы Мектепхан Елеусінов.
Айта кетейік, аудан спортшылары республика көлемінде жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. Алдағы байрақты бәсекелерде спорт саңлақтарына сәттілік тілейміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ