Чемпиондар лигасы: "Қайрат" алғашқы кездесуінде "Спортингтен" ойсырай жеңілді
Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіндегі алғашқы ойында "Қайрат" Португалияның "Спортинг" командасынан ірі есеппен ұтылды, деп хабарлайды Kazinform.Кездесуде жанкүйерлер "Қайрат" қақпашысы Шерхан Қалмырзаның ойынына назар аударды. Себебі ол негізгі қақпашы Александр Заруцкий мен Темірлан Анарбековтің жарақат алып қалуына байланысты Португалияға аттанды. Шерхан бүгін алғашқы минуттан жасыл алаңға шықты. Ол осылайша UEFA Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас қақпашылар үздігіне енді. Шерхан дүниеге келгеніне 18 жас, 3 ай, 3 күн өткенде жасыл алаңға шығып отыр.
Бірінші кезеңде Шерхан сенімді ойын көрсетті. Кездесудің 21-минутында португалиялық клубтан Мортен Юльман тепкен допты кері қайтарса, одан кейін де бірнеше соққыға тосқауыл қойды.
Ал 44-минутта "Спортинг" сапынан Франсиску Тринкан есеп ашты. Екінші кезеңде қазақстандық команда қателіктер жібере бастады. Салдарынан небәрі төрт минутта қақпаға үш гол жіберіп алды. Алдымен Франсиску Тринкан 64-минутта тағы бір мәрте мергендік танытса, одан кейін Алиссон Сантос 66, Жеовани Кенда 68-минутта гол соқты.
Ойынның 86-минутында "Қайрат" сапынан Эдмилсон бір голмен жауап қайырды. Осылайша қазақстандық команда қарсыласына 1:4 есебімен жеңіліп қалды.
Енді "Қайрат" алдағы ойынын 30 қыркүйекте Алматыда Испанияның "Реал Мадрид" командасына қарсы өткізеді.
Сондай-ақ олар беделді турнирде "Интер" (Италия), "Арсенал" (Англия), "Брюгге" (Бельгия), "Олимпиакос" (Грекия), "Пафос" (Кипр), "Копенгаген" (Дания) клубтарымен ойнайды.
Қазақстандық команда доп додасында барлығы 8 ойын өткізеді. Оның төртеуі өз алаңында, төртеуі сырт алаңда өтеді деп жоспарланған.











