FIFA 2027 жылға дейін Қазақстанға 100 шағын футбол алаңын салып береді

Министрліктің мәліметінше, Қазақстан халықаралық FIFA Arena жобасын жүзеге асыру туралы келісімге алғашқылардың бірі болып қол қойды. Бұл бастама балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға және мектеп оқушыларына заманауи спорт инфрақұрылымына тең қолжетімділік жасауға бағытталған.
Алғашқы алаңдар биыл Хромтау мен Көкшетау қалаларында пайдалануға беріледі. Бағдарламаны толық аяқтау 2027 жылға жоспарланған. Жобаны Қазақстан футбол федерациясы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырып жатыр.
Әр алаң FIFA стандартына сәйкес салынады: көлемі 20×40 метр, жаңа буындағы жасанды шөп жабыны төселеді (non-infill turf), кіріктірілген қақпа, қоршау панельдері мен қауіпсіздік торлары орнатылады. Әмбебап құрылым алаңдарды қолданыстағы мектеп аулалары мен спорт аймақтарына ыңғайлы түрде салуға мүмкіндік береді.
Жоба ең алдымен шағын қалалар мен ауыл мектептерін қамтиды. Қаржыландыруды FIFA қамтамасыз етсе, Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді.
Ведомство мәліметінше, бүгінде футбол еліміздің барлық өңірінде дамып, ең танымал бұқаралық спорт түрлерінің бірі саналады. Қазіргі таңда футболмен 1,1 млн астам адам жүйелі түрде айналысады. Одан бөлек 7 378 жаттықтырушы жұмыс істейді. Елімізде 280 стадион, 148 футбол манежі, 7 мыңнан астам мектеп алаңы және 400-ден аса дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар. Премьер-лигада 14 кәсіби клуб өнер көрсетсе, 242 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 40 мыңнан астам жас футболшы дайындалып жүр.
Кейінгі жылдары елімізде FIFA және УЕФА-ның қолдауымен Талғарда ұлттық құрамаларға арналған оқу-жаттығу базасы, Астанадағы Футбол үйі мен манеж, Шымкенттегі жеке "Биік" базасы және Қостанайдағы "Тобыл" клубына арналған толыққанды манеж салынды.
Футбол. Көрнекі фото: Lighthouse films/Getty images