Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қысқы Универсиада: Ел құрамасының жарқын жетістігі

Қысқы Универсиада: Ел құрамасының жарқын жетістігі

Әлем елдері көз тіккен XXXII дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындары аптаның бейсенбісінде өз мәресіне жетті. Италияның Турин қаласында жалауы желбіреген спорттық бәсеке қаңтар айының 13-23 күндері өтті. Дүбірлі додада қазақстандық студенттер бақ сынады. Дүниежүзінің 54 елінен келген 1655 спортшы 11 жарыс түрінен медальдар жиынтығын сарапқа салған Универсиадада 103 отандасымыз жүлде үшін 10 спорт түрінен бәсекеге түсті.

XXXII дүниежүзілік қысқы Уни­версиа­даның ашылу салтанатында Қазақстан Туын хоккейден ұлт­тық құрама спортшысы Абылайхан Сүлейменов пен фристайлшы Аяулым Әмренова ұстап шықты. Ашылу салтанатында неміс жалаушысы жерге құлап түскен болатын. Өз кезегінде жерде жатқан Германия елінің туын «Qazsport» телеарнасының тілшісі Телжан Күдеров көтеріп, немістерге құрмет көрсетті. Екі ел арасындағы мызғымас бірліктің, достықтың үлгісін көрсете білген тілшінің ізгілікті ісіне көпшілік жоғары баға берді. Негізінен, ел саңлақтары биатлон, шорт-трек, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, спорттық бағдарлау, фристайл, тау шаңғы спорты, ерлер мен әйелдер хоккейі, пара шаңғы спорты бойынша 96 медальдан енші алуға тырысты.

Ал Туриндегі спорттық бәсекеде ең алдымен хоккейшілеріміз жарыс жолына шықты. Алғашқы ойындарда қарсыластарынан басым түскен ел құрамасының жігіттері ширек финалда Словакияға есе жіберді. Алғашқы алтын жүлдені жарысты екінші күнін­де фристайл-могулдан 79,79 ұпай көр­сеткішімен Анастасия Городко сал­ды. Бұл ретте, жерлесіміз екі дүркін Универсиада чемпионы атанса, оның командаласы Аяулым Әмренова күміске қол созды. Сонымен қатар осы жарыс түрінен Антон Бондарев екінші тұғырдан көрінді. Тағы бір отандасымыз Денис Зинов парашаңғышылар арасында 10 шақырым еркін жүрістен мәреге екінші жетті. Спортшы аталған нәтижесін 1400 метрде қайталады. Осы санаттағы жарыс барысында пара шаңғышы Роман Құрбанов үшінші орынды місе тұтты. Негізінен, Роман Құрбанов кезекті жарыс күнінде алдыңғы нәти­жесін қайталады. Ел қоржынына үшін­ші алтынды биатлоннан Никита Акимов салды. Биатлоннан жерлесіміз Арина Крюкова мен Кирилл Бауэр қола медаль еншіледі. Мәнерлеп сырға­наушы Софья Самоделкина еркін бағдарламада үшінші орын алды. Жарыстың соңғы күнінде шорт-тректен аралас эстафетада ел намысын Алина Әжіғалиева, Валерий Клименко, Дінмұхамедалдияр Тәжібай, Малика Ермек қорғап, қола медальға қол жет­кізді. Ерлер командасы сапындағы Дінмұхамедалдияр Тәжібай, Валерий Клименко, Айбек Темірхан, Санжар Жанысов, Алишер Абдулкатимов та жарыс­­ты қола медальмен түйіндеді.

Жалпы Қазақстан құрамасы ко­ман­­далық есеп 14 медальмен 12-орын алды. Айта кетейік, ел құрамасы 7-14 ақ­пан аралағында Харби қаласында өтетін IX қысқы Азия ойындарына қатысады. Азиадада Қазақстанның туын хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-тректің өкілі Ольга Тихонова ұстаса, 138 спортшы 10 спорт түрінен ел намысын қорғайды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
25 қаңтар 2025 ж. 79 0