Олимпиада-2018: Ертең алғашқы спортшымыз жарыс жолына шығады
Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласына ел намысын қорғауға аттанған спортшымыз - түғырдан секіруші Сергей Ткаченко ертең жарыс жолына шығады.XXIII қысқы Олимпиада ойындарының ресми ашылу салтанаты 9 ақпан күні өтеді. Дегенмен, алғашқы іріктеу жарыстары ертең, яғни 8 ақпан күні басталады. Бұл күні керлинг және тұғырдан секіруден жарыстар бастау алады. Ертең алғашқы іріктеу сындарында өнер көрсететін спортшылар қатарында қазақстандық спортшы Сергей Ткаченко да бар. Естеріңізге сала кетейік, бүгін Пхенчхандағы олимпиада қалашығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ресми түрде көтерілді. Бұл Қазақстанның спорттық делегациясы XXIII қысқы Олимпиада ойындарына ресми түрде келгендігін білдіреді. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, спортшылар, жаттықтырушылар, қазақстандық тілшілер қатысты. Айта кетейік, қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы 57 жолдама жеңіп алды. Олар спорттың тоғыз түрінен сынға түседі. Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында көк байрағымызды шорт-трекші Абзал Әжғалиев ұстап шығады.