Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Париж-2024: қоржында 1 алтын, з күміс, 3 қола

Париж-2024: қоржында 1 алтын, з күміс, 3 қола

Төрткүл дүние көз тіккен Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Төртжылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 43-інші орынға тұрақтады.

Нақтырақ айтсақ, қор­жы­ны­мызға алтын жүлдені дзюдодан 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Елдос Сметов салды. 2016 жылы Рио Олимпиадасында күміс, 2021 жылы Токиода қола алған отандасымыз Парижде Олимп шыңын бағындыра алды. Айта кетейік, Елдос Сметов дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ спортшысы атанды.

Спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов, грек-рим күресінен палуан Демеу Жадыраев және боксшы Нұрбек Оралбай Олимпиаданың күміс жүлдесін олжалады. Грек-рим күресінің палуаны Демеу Жадыраев Олимпиада ойындары тарихында араға 20 жыл салып осы спорт түрінен финалда белдесті. Ал Нариман Қазақстан гимнастика тарихында Олимпиадада медаль алған тұңғыш спортшы атағына ие болды. Нұрбек Оралбай бокстан Олимпиада тарихындағы 26-шы жүлдені ел қоржынына салды.

Сондай-ақ Ислам Сәтпаев пен Александр Ле (нысана көздеуден аралас жұптық сын), дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев және боксшы Назым Қызайбай Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Жеңіспен елге оралған спортшыларға зор құрмет көрсетілуде.

– Екі аптадан аса уақытқа жалғасқан Париж Олимпиадасы мәресіне жетті. Төрт жылда бір келетін дүбірлі додада ел қоржынына Олимпиаданың алтыны да, күмісі де, қоласы да түсті. Осындай ауқымды спорттық іс-шарада жүлде алып, жанкүйерлерді қуанышқа бөлеген барлық спортшыны табысты нәтижесімен құттықтаймын. Спортшыларымыздың бұдан да тәуір нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндігі болды. Дегенмен, Токио Олимпиадасындағы нәтижеден сабақ алып, Парижде жетіс­тігімізді жақсарта алдық. Төрт жылдан кейін АҚШ-та өтетін келесі Олимпиадада бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деген сенімдемін, – деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Әрбір спортшының жеңісіне қуанып, екі апта бойы жанкүйер болған спортсүйер қауым Париж олимпиадасында да боксшыларға зор үміт артқан еді. Десек те, осыдан төрт жыл бұрын өткен Токио Олимпиадасында да алтын медальсіз қалған қазақстандық боксшылар бұл жолы да күміс және қола медальді місе тұтты.

Шілденің 26-сы күні бастау алған Олимпиада ойындары 11 тамыз күні мәресіне жетті. Олимпиаданың ашылу салтанатында еліміздің көк Туын Асланбек Шымбергенов пен Ольга Сафронова алып шыққан еді. Ал жабылу салтанатында бұл мәртебеге Батырхан Төлеуғали мен Эльжана Таниева ие болды.

Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, елдер арасындағы қарым-қатынас пен байланыстың көрсеткіші, түрлі мемлекеттер достығын нығайтушы құрал. Өткен заманда Олимпиада кезінде соғыстар тоқтатылып, қасиетті тыныштық орнайтын дәстүр болған. Төрт жылда бір келетін ең ірі халықаралық дода нышанында бес түсті сақинаның бейнеленуі де тегіннен тегін емес. Бес түрлі сақина бес құрлықтың (Еуропа, Азия, Африка, Америка, Океания) белгісі ретінде беріліп, олардың түрлі-түсті болуы әлем елдерінен хабар береді. Тудағы шеңберлердің бір-бірімен байланысып жатуы спорттық ойындардың тек жарыс емес, ынтымақтастықтың көзі екендігін білдіреді.

Биылғы Олимпиада ойындарына 206 мемлекеттен келген спортшылар қатысқанын айтып өту орынды. Ал Қазақстан құрамасының 78 атлеті 25 спорт түрінен сынға түсті. Соның ішінде 54-і алғаш рет Олимпиадаға қатысып отыр. Сонымен қатар Париждегі дүбірлі додада жалпы 91 елдің спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Айта кету керек, Париж қаласында бұған дейін 1900 және 1924 жылдары Олимпиада ойындары өткен. Бұл – әлемге әйгілі қаланың өткізіп отырған үшінші Олимпиадасы. Бұған дейін үш рет Олимпиада ойын­дары тек қана Ұлыбританияның Лондон қаласында (1908, 1948, 2012 жылдары) өткен еді. Ал келесі жазғы Олимпиада ойын­дары 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
13 тамыз 2024 ж. 197 0