Отандық арналар FIFA-2018 әлем чемпионатын таратады
Орталық коммуникациялар қызметінде FIFA-2018 футболдан әлем чемпионатына орай баспасөз мәслихаты өтті. Шараға «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мен «QAZSPORT» телеарнасының директоры Павел Цыбулин қатысты.
Ерлан Қариннің айтуынша: «Әлемдік деңгейдегі маңызы зор беделді футбол чемпионатын «Qazaqstan» және «QAZSPORT» телеарналары көрсететін болады. Бұл біз үшін де, футболсүйер қауым үшін де өте маңызды да, қуанышты оқиға. Біздің көрермендер дүниежүзі доп додасының барлық 64 матчын толығымен көре алатын болады. Сондай-ақ, осы әлем чемпионаты аясында бірнеше арнайы жобалар көрсетуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, 14 маусымнан бастап, 15 шілдеге дейін «РЕСЕЙДЕГІ ФУТБОЛ ТОЙЫ» атты ақпараттық-сараптамалық бағдарлама әр ойынның алдында шығатын болады. Бұл бағдарламада алдағы ойындардың ерекшеліктері талданатын болады. Сонымен қатар, өткен матчтарға байланысты күн сайын және апталық шолулар жасалатын болады. Қазіргі сәтте «ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ТАРИХЫ» атты ақпараттық-танымдық хабар эфирде жүріп жатыр. Бұл хабарда 1930-2014 жылдар арасындағы футбол бойынша әлем чемпионатының қысқаша тарихы мен қызықты оқиғалар жайлы деректер қамтылған. Одан басқа, 14 маусым күні «Qazaqstan»Ұлттық арнасының эфирінен тікелей Қазмедиа орталығының медиафасадында әлем чемпионатының Ашылу рәсімі мен Ресей- Сауд Арабия ойындарының топтық кезеңін көрсетуді жоспарлап отырмыз. 14 маусым күні, 19:30-да Астанамыздың барлық тұрғындары мен қонақтарын осы шараны ашық аспан астында бірге тамашалауға шақырамыз!»
Айта кетейік, 14 маусым - 15 шілде аралығында Ресейде ФИФА-2018 футболдан әлем біріншілігі өтетін болады. ФИФА-ның 21-ші әлем чемпионаты Ресей Федерациясының: Волгоград, Екатеринбург, Қазан, Калининград, Мәскеу, Нижний Новгород, Ростов, Самара, Санкт-Петербург, Саранск және Сочи қалаларында өтеді.
««QAZSPORT» арнасына еліміздің ең мықты деген футбол комментаторларын жұмылдырып отырмыз. Арнаның тұрақты комментаторларынан басқа, сырттан шақырылып отырған білікті мамандар бар, біз олармен алдында да бірнеше рет жұмыс жасаған болатынбыз. Олардың арасында: Есей Жеңісұлы, Сергей Райлян, Жігер Азбергенов, Дмитрий Мостовой, Жандос Смайылов және тағы да басқалар бар. Жалпы айтқанда 16 шақты маман бар. Сондай-ақ, кейбір матчтарды оқиға алаңынан тікелей жеткізу үшін Руслан Бахытжан мен Тимур Сулейменовтың сынды білікті мамандардың жетекшілігімен бір топ комментаторларды сол жаққа іс-сапарға жіберетін боламыз»-деді Ерлан Қарин .
Айта кетейік, "Қазақстан" РТРК" АҚ құрамындағы «Qazaqstan» және «QAZSPORT» телеарналары бірден футболдан екі әлем чемпионатын (2018 және 2022 жылдар) трансляциялауға құқық ала отырып, 6 жылға келісім жасасқан болатын.
Әлем чемпионатының алғашқы ойын 14 маусым күні Ресейдегі атақты «Лужники» стадионында өтеді. Топтық кезең 28 маусымда аяқталса, финалдық ойындар 15 шілде күні мәресіне жетеді. Бұл жарысқа әлемнің ең таңдаулы 32 ұлттық құрама қатысады.
Пікір 2