Шапшаңдықтан шираған спортшылар
Әлемде кең тараған спорт түрінің бірі – үстел теннисі. Шапшаңдық пен ептілікті қажет ететін спорт түрі бүгінде ауданда жақсы дамып келеді. Апта ағымында «Нашақорлыққа жол жоқ» атты бір айлық акциясы аясында ұлдар арасында үстел теннисінен турнир өтті.
Мектеп оқушыларының қатысуымен өткен сайысты О.Әбілпаттаев атындағы №210 орта мектептің денешынықтыру пәні мұғалімі Ерлан Мақсұтұлы мен «PING-PONG» үстел теннисі орталығы бірлесе ұйымдастырды. Аталған жарысқа 3-4 сынып оқушылары қатысты. Өз шеберліктерін көрсете білген сайыстың алғашқы құттықтау сөзін «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы А.Ибрагимұлы сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ О.Әбілпаттаев атындағы №210 орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Сәрсенқызы жарысқа қатысушыларға қолдау білдіріп, жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектестігін білдірді.
– Жалпы, үстел теннисі Мемлекет басшысының жақсы көретін спорт түрі. Кеше облыста үстел теннисінің орталығы ашылған болатын. Біз сол орталықтың ашылу салтанатына барып қатысқан болатынбыз. Ғимараттың іші өте үлкен, әдемі. Сондықтан сіздер болашақта осындай жарыстарға қатысып, кейін сондай үлкен орталықтарда өнер көрсетіп, спорттың биік шыңына шығып, ата-аналарыңызды, ұстаздарыңызды қуантады деп сенеміз. Осы жарысты ұйымдастырып отырған Әсет Ахметовке, аудандық білім бөліміне, мектептерге, соның ішінде №210 орта мектепке үлкен алғысымызды білдіреміз. Жалпы балаларды спортқа баулу, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану бұл мемлекеттің де, «AMANAT» партиясының да ортақ мақсаты. Болашақта біздің еліміздің көк Туын желбірететін де, биікке көтеретін де сіздер. Ауданымызда мықты спортшыларымыз көп, солардың келешектегі ізбасарлары өздеріңдей жас спортшылар. Бос уақыттарыңызды тиімді пайдаланып, осындай үйірмелерге қатысыңыздар. Барлығыңызға бүгінгі жарыста сәттілік тілеймін, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Сонымен қатар құттықтау барысында жарыстың ұйымдастырылуына атсалысқан О.Әбілпаттаев атындағы №210 орта мектептің денешынықтыру пәні мұғалімі Ерлан Мақсұтұлы партияның алғыс хатымен марапатталды.
Өз шапшаңдығы мен біліктілігін көрсете білген спортшылар тартысқа толы қызықты ойын көрсете алды. Жарысқа 6 мектептен 40 бала қатысты. Жарыс барысында жас теннисшілер шебер ойын көрсетіп, бірқатар спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтар болсақ, жүлделі І орынды О.Әбілпаттаев атындағы №210 орта мектептің оқушысы Н.Темірханов қанжығасына байлады. Ал жүлделі ІІ орынды №36 мектеп-лицейдің оқушысы С.Тимурұлы иеленсе, ІІІ орынды №126 орта мектептің оқушысы Н.Бақытжанов жеңіп алды. Мұнан бөлек, жоғары дәрежелі ойын көрсеткені үшін «Үздік ойыншы» аталымымен Жәмішов атындағы №129 мектеп-лицейінің оқушысы Ә.Насраддин марапатталды.
Еске сала кетейік, «PING-PONG» үстел теннисі орталығы жақында ашылған болатын. Орталықтың директоры – Әсет Ахметов. Жаттықтырушысы – Ерлан Мақсұтұлы. Үйірмеге қазіргі таңда 13 бала қатысады. Негізінен, әр топ 12 оқушыдан, 48 баланы қамтиды. Теннистен үйірме дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күні екі мезгіл болады. Кешкі уақытта теннис ойнаймын деген келушілерге ақылы қызмет көрсетіледі.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА