Жетістікке жеткен спортшылар

– Бізде жыл сайын жасөспірімдер арасында дзюдодан және ересектер арасында үстел теннисінен жарыс болады. Биыл республика деңгейінде жоспарланған бірнеше турнир елдегі пандемия жағдайына байланысты кейінге шегірілді. Бірақ біз жаттығуларды тоқтатқан жоқпыз. Себебі кез келген уақытта спортшыларды жарысқа шақырып қалуы мүмкін. Үнемі дайын жүруіміз қажет.Үстел теннисі бойынша бүгінде 32 баланы дайындаудамын. Олар үш топқа бөлініп келеді. Яғни, алғашқы дайындық тобына бастауыш сыныптың балалары келсе, сауықтыру тобында жас ерекшеліктеріне қарамай келеді. Айта кету керек, №132 мектептің 9 «б» сынып оқушылары түгілімен біздің спорт секциясына қатысады және үлкен нәтиже беріп тұрған да осы оқушылар. Былтыр қала әкімінің жүлдесінен ІІІ орынды алып, мерейімізді асырды, – дейді жас жаттықтырушы Гүлсара Искакова.
Бұл спорт кешенінің қабырғасында жаттыққан спортшылар арасында бұндай жетістіктер аз емес. Бұл бір жағынан, жаттықтырушылардың да еңбегі екенін ұмытпаған жөн. Жалпы спорт – дене мәдениетінің бір түрі десек, дене шынықтыру, саламатты өмір сүру – денсаулықтың мықты болуының кепілі. Сондықтан да, әркім өзінен бастап, өз өмірі мен денсаулығына жете мән беріп, спортқа ден қоя бастағаны абзал. Дәл осы көзқарасты ұстанған нағилықтар да саламатты өмір салтын ұстануға барынша ден қоюда. Ал спорт кешені осындай мүмкіндікті сыйлайтын бірден-бір мекеме десек те болады. Сол себепті, мұндай орталықтар әрбір ауылға қажет-ақ.
Майя ҚОЖАБАЙ