Спорттық ойындар ұйымдастырылды
Өңірде «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбында кеңейтілген Үйлестіру кеңесі өткізілген болатын. Кеңес барысында облыс прокуроры ғасыр індетіне айналған мәселеге қарсы иммунитет қалыптастырып, «Нашақорлыққа қарсы бір айлық акция» өткізу бастамасын көтерді. Нәтижесінде, аймағымызда есірткінің заңсыз айналымын түбегейлі жою мақсатында қоғам болып бірлесе қызмет атқару жөнінде ортақ келісім қабылданды. Осыған орай ауданымызда «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты бір айлық акциясы басталып,түрлі іс-шара мен есірткіге қарсы жұмыстар жүргізілуде. Акция аясында түрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, аудан жастары белсенді атсалысуда.
Аудандық прокуратураның «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты айлық акциясы аясында балалар-жасөспірімдер дене даярлық клубының ұйымдастыруымен 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында футзалдан аудандық жарыстың ашылу салтанаты өтті.
Ашылу салтанатының алғашқы құттықтау сөзін Сырдария ауданы прокурорының орынбасары Ғалымжан Дүйсенбаев сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Бағдат Есенов және аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар өз кезегінде жас спортшыларға қолдау білдіріп, жеңіс тұғырынан көрінуге тілектестігін жеткізді.
Ашылу салтанатынан соң жасөспірімдер арасында тартысты доп додасы басталды. Жарысқа жалпы 11 команда және 100-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс барысында командалар шебер ойын көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Тартысқа толы теңбіл доп бәсекесінің қорытындысы бойынша жүлделі І орынды №132 мектеп командасы жеңіп алды. Ал жүлделі ІІ орынды №131 мектеп командасы иеленсе, ІІІ орынды №36 мектеп-лицей командасы қанжығасына байлады.
***
Акция аясында балалар-жасөспірімдер дене даярлық клубының ұйымдастыруымен асық атудан 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында аудандық жекелей командалық жарыстың ашылу салтанаты өтті.
Ашылу салтанатында Сырдария аудандық прокуратурасының прокуроры Қасымжомарт Алдаберген және аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Ернар Зұлқарнаев сөз сөйлеп, командаларға жеңіс тіледі. Сондай-ақ балалар-жасөспірімдер дене даярлық клубының директоры Жасұлан Қаусов спортшыларға сәттілік тілеп, қолдау білдірді.
Ұлттық спортты ұлықтаған жас спортшылар тартысқа толы қызықты ойын көрсетті. Жарысқа 11 команда бойынша 60-қа жуық спортшы қатысты. Төрешілердің әділ шешімімен жүлделі І орынды Абай атындағы №130 орта мектеп командасы қанжығасына байлады. ІІ орынға Иса Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицей командасы лайық деп танылса, ІІІ орынмен №126 мектеп командасы жеңіс тұғырынан көрінді.
«Нашақорлыққа жол жоқ!» акциясы аясында алдағы уақытта да түрлі іс-шара мен спорттық ойындар өз жалғасын табатын болады.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ