Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдариялық жеңіл атлетшілер сыңға түсті

Сырдариялық жеңіл атлетшілер сыңға түсті

Сырдария спорт клубы жастар мен жасөспірімдерді спортқа баулуда түрлі жарыстар ұйымдастырып, халық арасында бұқаралық спортты дамытуда, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz

Жыл бойы әзірленген іс-шаралар жоспарына сәйкес спорттың көптеген түрінен аудан біріншіліктерін өткізуді мақсат еткен.

Бұл жолы спортшылар жеңіл атлетикадан жарысқа түсті. Желақтар жарыс алаңында мықтыларды анықтады. 1-мамыр Халық бірлігі күніне орай өткен аудан біріншілігіне аудан мектептерінен 4-5 және 6-7 сынып оқушылары қатысты. 120 спортшылардан құралған 7 команда 60 метрге, 500 метрге, 1000 метрге және эстафета бойынша бақ сынады.

Бір күнге жалғасқан аудан біріншілігінің нәтижесі бойынша ұлдар арасында 60 метрге жүгіруден (4-5 сынып) №135 А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектептің оқушысы Нұрдәулет Нұрланұлы бірінші орын алды. Екінші және үшінші орынға №126 орта мектептен Нұржан Нұрхан мен №137 орта мектептен Арнат Балтабай шықты. Қыздар арасында №210 О.Әбілпаттаев атындағы мектептің жүйрігі Айша Мейрамбекқызы бірінші болса, келесі жүлделі орындарды №137 орта мектептен Сезім Алматқызы мен №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейден Айбике Маратбекова өзара бөлісті.

6-7 сынып оқушылары арасындағы 60 метрге жүгіру сайысы бойынша ұлдардан №137 мектеп оқушысы Бақдәулет Қайратұлы ешкімге есе жібермеді. №129 Ә.Жәмішов атындағы мектеп-лицей оқушысы Әбілғазы Құрманғазыұлы мен №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектептің оқушысы Нұрдастан Пірмағанбетов 2-3 орындарға лайық болды. Сайыстың осы түрінен қыздар арасындағы тартысты бәсекеде №129 Ә.Жәмішов атындағы мектеп-лицейдің намысын қорғаған Сабина Тоқсанбай нағыз желаяқ екенін дәлелдеді. Сабина бірінші орын тұғырына көтерілсе, №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп оқушысы Мәдина Амантай мен №135 А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектеп оқушысы Әсет Айнабек жүлдегерлер атанды. Қызықты, әрі тартысты өткен 500 метрге және 1000 метрге жүгіру сайысында да кіл мықтылар анықталды. Қарсыластарынан оза шапқан жеңіл атлетшілер Айбибі Асылбек (№210 орта мектеп), Жания Самұратова (№35 мектеп-лицейі), Санжар Бекболатов (№35 мектеп-лицейі), Нұрымжан Пернебай (№131 орта мектеп) спортшылары мектеп намысын қорғап, жүлделі бірінші орын алды.

Сонымен қатар жарыс жолына эстафеташылар шығып, қызықты ойын өрнегін көрсетті. Жалпы командалық есепте бірінші орынды №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектеп спортшылары жеңіп алды. Екінші орынға №135 А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектеп және үшінші орынға №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп спортшылары тұрақтады.

– Аудан мектептері арасында жыл сайын өткізілетін дәстүрлі біріншілікке қатысқан спортшылардың арасында мықтыларды анықтадық. Оқушылардың спортқа деген, оның ішінде жеңіл атлетикаға деген ынтасы мен жеңіске деген жігері қуантады. Мұндай жарыс өскелең ұрпақтың денсаулығына, жарқын болашағына деген пайдасы зор, – дейді жарыстың бас төрешісі Ж.Дәрмен.
18 сәуір 2024 ж. 251 0