Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық ойынды ұлықтаған ұстаз

Ұлттық ойынды ұлықтаған ұстаз

«Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі». Бұл – бұлжымас қағида. Себебі мектепке керегі – білімді, өз мамандығын жетік меңгерген шебер мұғалім. Ұстаз Ержан Жанбосынов еңбек жолын №131 орта мектепте бастап, 21 жылдан бері дене тәрбиесі пәнінен сабақ беріп келеді. Тәжірибелі ұстаз әрбір сабағын ұлттық құндылықтармен толықтырып, ерекше әдіс пайдалануды дәстүрге айналдырған.

Білім ошағында оқушыларға эстети­калық тәрбиенің негізі – дене тәрбиесі сабағында қаланады. Бұл сабақты бас­тауыш сыныптан бастап жоғарғы сынып оқушыларының барлығы дерлік жақсы көретіні анық. Өйткені еркіндікті, қозғалысты қалайтын жас буын 45 ми­нут­тың ішінде соның бәрінен өтеді десек артық айтқандық болмас. Сондықтан әрбір сабағына жіті дайындықпен келу­ді мақсат еткен ұстаз оқушымен өткізетін әрбір минутын тиімді әрі бала денсаулығына пайдалы етуге күш салады.

– Дене тәрбиесі сабағында өсіп ке­ле жатқан жеткіншектердің қимыл-қозға­лысын дамытумен қатар, еңбекке деген жұмыс істеу қабілетін арттыруға көңіл бөлеміз. Негізінен дене тәрбиесі ұғымы – дене мәдениеті дегенді білдіреді. Біз­дің де мақсатымыз – мәдениетті, еңбек­сүйгіш ұрпақты тәрбиелеу. Күнұзақ компьютерге немесе ұялы телефонға байланып отыруға бейім келетін оқушы­ларды сабақ кезінде серпілтіп, спортқа деген қызығушылығын арттыруға тырысамыз. Ауыл балалары ұлттық ойын десе ішкен асын жерге қояды. Ұлдар асық ойнаса, қыздар бесасықты шебер ойнауға машықтанып келеді. Арқан тартысты да қызыға ойнайды. Қазір осы бірнеше ұлттық ойын түр­лері сабақ бағдарламасына енген. Үздік оқушыларды түрлі жарыстарға шығара­мыз. Ал спортқа жақын баланың бойын­да патриоттық сезім, эстетикалық тал­ғам болады. Мұғалім ретінде дене жаттығу­ларын жасауды, күн тәртібіне бағынуды, спорттық үйірмелерге қатысуды талап етеміз, – дейді тәжірибелі ұстаз Ержан Жанбосынов.

Ұлағатты ұстаз дене тәрбиесі мен спорт­тың маңызын арттыруда қазақтың ұлттық ойындарындағы қимылдарды пайдалану арқылы баланың дене қимыл сапасын және қабілетін жан-жақты дамытуды көздейді. Бұл оқушылардың шыдам­дылық, төзімділік, бір топта жұ­мыс істеу дағдысын қалыптастырады.

Мұғалім мамандығын жүрек қалауы­мен таңдап, оқушыларға білім мен тәрбие беруде жетістіктерге жеткен ұлағатты ұстазды әріптестері мақтаудан гөрі онымен мақтануды жөн көреді. Мектеп басшылығы жас та болса кәсіби шеберлігі мықты ұстаздың ізденімпаздығына дән риза.

– Еліміздің болашағы бүгінгі мектеп қабырғасындағы ұрпақ екені даусыз. Бүгінде білім саласындағы өзгерістерге ілесу – ұстаздарымыздың біліміне, кәсіби шеберлігіне көп байланысты. Жас та болса тәжірибелі ұстаз атанған Ержан мектепте оқып жүрген кезінде-ақ өзінің білімге құштар екенін дәлелдеген. Үздік аттестат иегері ретінде педагогикалық мамандықты таңдап, жоғарғы білімді маман ретінде біздің мектепте алғашқы еңбек жолын бастады. Ізденімпаз мұғалім түрлі сайыстарда, халықаралық турнирде, спартакиадаларда жүлдегер атанып, біліктілігі мен тәжірибесі артты. Қазіргі кезде оқушыларды ұлттық спортқа баулуда жетістіктерге жетіп келеді, – дейді мектеп директоры А.Әлиева.

Спорт шеберлігіне үміткер дәрежесі бар ұстаз соңғы 3-4 жылдың көлемінде көптеген жетістікке жетті. Мәселен, 2019 жылы асық ату спортынан Қазақстан Респуб­ликасы чемпионатында, 2021 жылы халықаралық турнирде үшінші орын, 2023 жылы Тараз қаласында ұстаз­дар арасында өткен спартакиадада асық атудан екінші орын, 2024 жылы Атырау қаласында осы спорт түрінен өткен турнирде бірінші орын алып, ұстаз мерейі үстем болды. Білікті педагог 2023 жылы облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасын» алды. Өз пәнінің үздігі атанған ұстаз оқушыларды спортқа баулып, облыстық, аудандық сайыстарға қатыстырып, жүлделі орын алғаны үшін диплом, алғыс хатпен марапатталды. Оқушысы Ғибрат Зайдағали облыстық спартакиадада асық ату спортынан екін­ші орын алып, мектеп, ұстаз абыройын асқақтатты.

– Бала кезімізде күнұзақ асық ойнап, ләңгі тебетінбіз. Футболды да ойнаймыз. Сол дағдымыздан әлі күнге дейін алшақтаған емеспіз. Қазір оқу бағ­дарламасына ұлттық ойындар енгі­зілуде. Қазақтың баласы асық атпаса, қыздар бесасық ойнамаса ұлттық құндылығымыздың дәрежесі қандай бол­мақ?! Жалпы балалардың арасында ұлттық ойынға деген қызығушылық бар. Сондықтан ұлттық спортқа баулуды дене тәрбиесі сабағы кезінде тиімді пайдаланамыз, – дейді Ержан Жанбосынов.

Шебер мұғалімнің бүгінгі ізденісіне көз сүйсінеді. Ол кәсіби шеберлігін арттыруда қазіргі заман талабына сай жаңашылдыққа ұлттық құндылықты дәріп­теу арқылы келді. Оның талпынысы мен үздіксіз ізденісі дәрежесін арттырды.

Ержан Самыратұлы ұлағатты ұстаз болумен қатар жұбайы Нұргүлмен бірге бес бала тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.

Бибісара ЖАНӘЛІ
09 сәуір 2024 ж. 213 0