Бозкілемдегі бойжеткен
Кейіпкеріміз Инабатқа қарасаң, талдырмаш бойлы, жіңішке қызды спорттың ауыр түрімен шұғылданады деу қиын. Нәп-нәзік, сүйкімді бойжеткен 10 жастан бастап дзюдо күресімен айналысады. Бозкілемде ер азаматтан кем күш көрсетпейтін ару бүгінгі таңда 8 сыныпта оқиды. Ол – №131 Т.Қозыбаев атындағы мектептің ғана емес, ауданның мақтанышы.
Олай дейтін себебіміз де жоқ емес. Бұған дейін дзюдо спортын еркін меңгеріп, талай сайыста бақ сынаған ару бәйгеден құр емес. «Ең алғашқы жүлдем әлі есімде, Биали спорт атындағы турнирден 3 орын алған едім» дейді Инабат. Жас спортшының одан кейінгі жеткен жетістіктерін түгел жіпке тізгендей жазып шығу мүмкін емес. Жарыс жолында жеткен жетістіктерінің ішінде Алматы қаласында өткен KHAMZA CUP III республикалық турнирінде алған жүлдесінің шоқтығы биік. Сонымен қатар Қызылорда қаласында өткен «Абзал және К» атындағы республикалық турнир және М.Шәменов атындағы турнирде, Мансұр спорт клубының ұйымдастыруымен және Ш.Қиықбаевты еске алуға арналған ашық турнирде де қарсыластарынан оза шауып, мықтылығын дәлелдеген. Сондай-ақ 2023 жылы Қызылордадағы ҚР Чемпионатына іріктеуден өтіп, Өскемен қаласында 2008-2009 жылғылар арасында өткен додадан 5-орынға тұрақтаған. Бұл да өз кезегінде Инабат арудың үлкен жетістігі болды. Жетістіктерімен қоса жоспарын да айтып өткен спортшы алдағы уақытта Өскемен қаласында өтетін ҚР Чемпионатына дайындалып жүргенін айтты.
– Спортқа деген қызығушылығым бастауыш сыныпта басталды. Қазір мені үлкен додаларға қосып, спорттың қыр-сырына баулып жүрген жаттықтырушым Шоқан ағай мектепке келіп, дзюдо күресі үйірмесінің жұмысы туралы ақпараттандырған болатын. Содан кейін қатарлас достарыммен бірге осы спорт түріне қатыса бастадық. «Спорттың бұл түрі ер балаларға арналған, саған қиындық туғызбай ма» деп жатады жақындарым. Мен олай ойламаймын. Адам жаны қалаған нәрсемен айналысқанда өзін бақытты сезінеді. Оның үстіне еліміздің атын әлемге танытып жүрген спортшы апа-әпкелеріміз баршылық. Спорт тарихында ондай нәзік жандылар көп. Спортта бірінші өз бапкерімді, содан соң жапондық Рюдзю Нагаяманы, ал қазақстандық дзюдошылардан Мағжан Шамшадинді үлгі тұтамын. Спортқа деген қызығушылығым сондай, күнделікті жаттығуды қалдырмай, жарыстарды да өткізіп алмауға тырысамын. Бұл менің оқу үлгеріміме кері әсер етпейді, – дейді бізбен әңгімесінде жас спортшы Инабат Нұрадинқызы.
Инабатпен қатар құрбы Дильназ Ардаққызы, Нұрай Қанжарбаева, Жанайым Серікбаевалар да дзюдодан өз шеберліктерін арттырып жүр. «Мансұр» спорт клубында жаттығып, спорттың қыр-сырын игерген жас спортшылар аудан намысын қорғап, талай сайыста қарсыластарынан оза шауып келеді. Қыздар әр жолғы сайыста іштей қорқыныш болатынын, бірақ өзіне деген сенімділік пен ерік-жігер, жаттықтырушының қолдауы қорқынышты жеңуге ықпал ететінін айтады.
– Қазіргі таңда «Мансұр» спорт клубында жаттығып, ауданымыздың атынан ауқымды байқауларда жақсы жетістікке жетіп жүрген спортшылар жетерлік. Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, адамдар мен мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтушы күш. Осы ретте аудан спортшылары болашақта ел намысын қорғап, көк туымызды әлемдік ареналарға шығаратынына сенім мол, – дейді жас спортшылардың жаттықтырушысы Ш.Уәлиханов.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ