Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрдәулет – әлем чемпионы

Нұрдәулет – әлем чемпионы

Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, мемлекеттер арасындағы достық пен ынтымақты нығайтушы сала. Ал шағын ауылдан шыққан спортшылардың ел мерейін үстем етіп, бөтен мемлекетте көк Туымызды көкке жел­біретуі – отандық спорттың жетістігі.

Республика бойынша «Үлгілі ауыл» атанған Нағи Ілиясов ауылының жас спортшысы Карбозов Нұрдәулет «Әлем чемпионы» атанып, ауданның ғана емес, түгел республиканың даң­қын асқақтатты. Жас­тайынан «Шынықсаң, шымыр боларсың» деп, спортты жанына серік еткен жігіттің грэпплинг спорт түріне қызығушылығы жоға­ры болған. Бапкерлері Дас­тан Кеңесов пен Бағлан Мығымбаевтың үкілеген үмі­­­тін ақтап, Испания мем­ле­­кетінің Понтаведро қала­сында Мемлекеттік Әнұранымызды шыр­қалтқан жас спортшының бұл алғашқы жеңісі емес.

– Республикаға белгілі Нағи Ілия­сов ауылының саңлақ спортшысы Нұр­дәулет 7-сыныптан бас­тап осы спорт тү­рімен шұғылданып келеді. Ын­та­сы зор, дайындықты себепсіз қалдыр­майды. Бұған дейін талай белесті ба­ғындырып үлгерген ол жақында грэпплингтен өткен әлем чемпионатының 92 келі сал­мақ дәрежесінде чемпион атанды. Бұған дейін 2019 және 2021 жылдары ҚР Чемпионатының күміс жүлдегері атанған. 2021 жылы Ресей Федерациясы, Уфа қаласында өткен грэпплингтен әлем чем­пионатының қола жүлдегері болды. Биыл ғана Қостанай қаласында өткен спорттың осы түрінен Қазақстан чемпионы атанып, әлем чемпионатына жолдама алып, әлем біріншілігінде чемпион атанды. Нұрдәулеттің грэпплинг күресінен «ҚР спорт шебері» ата­ғы да бар екенін айта кеткеніміз жөн. Жас спортшының бұл жолғы жеңісі Қа­зақстан Республикасы күні мерекесіне орай лайықты тарту болды, – дейді жас спортшының бапкері Б.Мығымбаев.

Кейіпкеріміз 2003 жылы дүниеге кел­ген. Батырлар шыққан Нағи Ілиясов ауы­­лында білім алған ол қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­вер­ситетінің үшінші курс студенті.

– Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын арттыратын сала. Мемлекет тарапынан отандық спорт пен спорт саң­лақтарына ерекше көңіл қойылып келеді. Спорттың адам өміріндегі алар орны ерекше екені сөзсіз. Саламатты өмір сал­тын ұстанған адамның денсаулығы мықты, жігерлі болады. Ал ойы сергек, дені сау ұрпақ – қоғам байлығы әрі болашақ кепілі. Халқымыздың даңқты палуандарының жолын жалғап, ізін қуып, көк Туымызды биікте желбіретуге бар күшімді салатын боламын, – дейді жас спортшы.

Айта кетейік, грэпплинг – бұл жекпе-жек өнерінің салыстырмалы түрде кейін пайда болған түрі. Онда әр түрлі күрес техникасы жинақталады. Бұл спорт түрі бразилиялық джиу-джитсу, еркін кү­рес, жауынгерлік самбо және дзюдо әдіс­терінің негізінде құрылған.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
18 қазан 2022 ж. 627 0