Әсемгүл Ердәулет Қазақстан чемпионатының 7 дүркін жеңімпазы

«Отбасында ер балалардың ортасында өскендіктен болар, ата-әжем спортты жаныма серік етті. 8 жастан бастап денемді шынықтырып, үлкен спортқа дайындалдым десем де болады. Бүгінгі жеткен жетістіктерім - қалыптасқан әдеттер мен спортқа деген махаббатымның арқасы. Осының нәтижесінде Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионатынан алтын медаль және Әлем кубогі маған бұйырды. Міне, кезекті жарыста жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионатының 7 дүркін жеңімпазы атандым. Болашақта нәзік те батыл қадамдарыммен елімнің абыройын асқақтата берсем деген ниетім бар»,- деді спортшы.
Оралда өткен жарыста чемпион 3 кездесу өткізіп, ақтық сайыста маңғыстаулық спортшымен белдесті. Қарсыласын 6-1 есебімен жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Айта кетейік, Әсемгүл Ермекқызы 2003 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында 2-курс оқиды.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
университетінің медиа орталығы