Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БОЛАШАҒЫ ЗОР ЖАС ПАЛУАН

БОЛАШАҒЫ ЗОР ЖАС ПАЛУАН


Қазақ спортының жарқын көрінісі саналатын төл ұлттық спортымыз – қазақ күресімен айналысатындар қатары көбейгені байқалады. Жыл сайын айтулы жарыстар өткізіліп, жаңа есімдер жарыққа шығуда. Қазақ күресінің күре тамыры ауыл мектептерінен бастау алады. Біздің өңіріміз қазақ күресінен зор табыстарға жеткен аймақтар қатарында. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, кәсіби мамандар шоғыры қалыптасқан. Ауыл балаларының қазақ күресімен айналысып, зор жетістікке жетуіне де аудан спортында сенімді көзқарас бар. Осы ретте аудандағы қазақша күрес үйірмесінің қарқынды жұмыстары көпшілік қауымға мәлім.
Ауданға қарасты №11 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі қазақша күрес үйірмесінің тәрбиеленушісі Қуанышбек Алиакбар жақында Қызылорда қаласында өткен Темірбек Жүргеновті еске алуға арналған республикалық турнирден жүлдегер атанды. Қуанышбек Әлиакбаров қазақша күреспен үш жылдан бері айналысады. Спорт шеберлігіне үміткер. Турнирде спортшы +50 келі салмақта белдесті. Бас-аяғы 400-ге жуық спортшы қатысқан жарыста сырдариялық палуанның бәсі жоғары болды. Жаттықтырушысы – Руслан Алтынбеков. Спортшы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің 6-сынып оқушысы. Бала күнінен қазақ күресімен айналысқан палуанның жетістіктері айтарлықтай. Алдағы уақытта жарыс­тарда жоғары нәтиже көрсетіп жеңімпаздар тұғырынан көріну басты талабы. Нағыз таланттар ауылдан шығады демекші, келешек түйе палуандар қатарынан көрінуге ниетті. Түр-әлпеті тығыршықтай толысқан жас өреннің табысты жолдары жалғаса берсін демекпіз.

Б.ОРДАБЕКОВ
05 желтоқсан 2017 ж. 2 191 0