Спортшылар олжалы оралды
Ауданға қарасты Асқар Тоқмағамбетов ауылында балалар мен жасөспірімдердің спортқа баулу мәселесі оңтайлы шешілген. Ауылдағы №135 Асқар Тоқмағамбетов атындағы орта мектептің спорт залы мен жертөлесінде түрлі спорттық үйірмелер жұмыс жасайды.
Бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен мектептің жертөлесінде жас спортшыларды қазақша күрес, гір көтеру, тағы басқа спорт түрлеріне жас спортшылар дайындық жүргізеді. Бұл спорт залына аудан орталығынан арнайы барып жаттығатын жасөспірімдер де бар. Спорт үйірмесінің жаттықтырушылары болашақ чемпиондарды тәрбиелеп жатыр десек артық айтқандық болмас. Олардың алды облыстық, республикалық тіпті халықаралық турнирлерге қатысып, жүлдегер атанып жүр.
Жақында Қостанай қаласында гір спортынан Ұлы Отан соғысының ардагері Баеке Шаяхметовты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Байрақты бәсекеге Ақтөбе, Петропавл, Абай, Қызылорда облыстарымен қатар Ресейдің Тюмень, Омск облыстарынан да жалпы саны 180 спортшы қатысты. Біздің аймақтың, ауданның намысын қорғаған А.Тоқмағамбетов ауылының жас тұрғыны, 10-сынып оқушысы Әділхан Сейтбай 63 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Жас гір көтеруші серпе және жұлқа көтеру түрінен үздік шығып, жарыс жеңімпазы атанды.
– Ауыл балаларын спортқа баулу ауданда жақсы жолға қойылған. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін балалар спорт залына келіп, үнемі жаттығу жүргізеді. Біздің Әділханның ерік-жігері мықты, алдына қойған мақсаты бар. Халықаралық жарысқа дейін талай бәсекелерде топ жарды. Міне, Сыр елінің, оның ішінде ауданның атын халықаралық дәрежеге танытқан жас спортшы әлі талай мәрте жеңімпаз болатынына сеніміміз зор. Кілең мықтыларға қарсы тұрып, өзінің еңбегімен жетістікке жеткен Әділханды шын жүректен құттықтаймыз, – дейді спортшының жаттықтырушысы Дархан Бодықов.
Айту керек, Сырдарияда гір спортымен қатар ұлттық ойын тоғызқұмалақ, көгалдағы хоккей, волейбол спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері шыққан.
Б.ЖАНӘЛІ