Күш атасын танымас
Өткен айда Ұлыстың ұлыс күні – Наурыз мерекесін сырдариялықтар дүркіретіп тойлағаны белгілі. Орталық алаңға жиналған көпшілік спорттық жарыс түрлерін тамашалап, мәре-сәре болған сәтте Саят есімді жігітке біздің көзіміз түсті. Білектің күшіне сенген ол 40 келі тартатын қойды иығына асып, отырып-тұра жөнелген болатын. Бұған дейін бағын сынаған бірнеше жігіт 100-ге жетіп жығылса, шапшаң қозғалатын Саят бір мезетте 177 рет отырып-тұрды. Жас спортшы қапелімде «Күш атасын танымас» деген тәмсілді тағы бір мәрте спортсүйер қауымға аңғартқан еді.
Жиналған жұртшылықтың назарын өзіне аудартқан Саят Өмірбек бірнеше жыл уақыт бойы ауыр атлетика спорты бойынша жаттығып келеді. Ең алғаш оны 10 жасында алаңда доп теуіп жүрген жерінен алғашқы бапкері Бауыржан Ахметов жаттығу залына әкеледі. Міне, осы сәттен бастап, талапты жас спорттың осы түрінен бір сәтке ажыраған емес. Үнемі өзіне жоғары талап қоя білетін Саят Жеңісбекұлы осы күні жұлқа және серпе көтеру жаттығуы бойынша тиісті межені бағындыру үстінде. Мәселен, спортшы дәрежесі жоғары сан алуан жарыста жұлқа көтеруден 115 келіні, серпеден 150 келіні төбісінен асырады екен.
– Кішкентайымнан ауыр атлетика спортына қызығушылығым арта түсті. Салмағы ауыр темірді көтеру үшін едәуір күш керек. Бапкерлерім жаттығу барысында жақсы техниканы қалыптастырып, барынша шынықтыра алды. Білікті маман Бауыржан Ахметов ағайымыз жақсы спортшы болуға баулыса, қазіргі бапкерім Алмас Нәрікбаев байрақты бәсекеге жан-жақты дайындап жүр. Менің әкем Жеңісбек те кір тасын көтерумен айналысады. Бірнеше республикалық жарыстың жеңімпазы атанған әкемнің нұсқауымен табанды, жігерлі болуға ұмтыла білдім. Қай кезде де қателікпен жұмыс жасау арқылы үздік көрсеткішке қол жеткізу үшін барымды саламын, – дейді Саят Өмірбек.
Ауданның ғана емес, Сыр өңірінің намысын қорғайтын Саят Өмірбек – ҚР чемпионатының күміс жүлдегері. Жігері мықты спортшы өткен жылы ҚР спорт шебері атанған. Бұның барлығы жарыстағы қол жеңістердің арқасы екені айқын дәлел. Көпбалалы отбасынан шыққан Саят Жеңісбекұлы – №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектептің түлегі. Қазіргі уақытта талабы таудай спортшы Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясында білімін жалғастыруда.
– Қазақтың ұлттық мерекесі саналатын ұлыс күнінде бірнеше жігітпен қой көтеруден жарысқан едім. Сынға түсіп жатқанымда қойды көтеру ешбір қиындыққа соқпады. Осыған дейінгі физикалық және техникалық дайындығым орасан зор көмектесті. Қаумалаған жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөленуім – зор қуаныш. Өзім көтерген қойды жеңіп алғаныма дән ризамын. Алдағы уақытта бәсі биік бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрініп, ата-анамның, бапкерімнің үмітін ақтасам деген тілек бар. Мамыр айында Қызылорда қаласында өтетін Ыбырай Жақаев атындағы республикалық турнирде бақ сынаймын. Осы жарыста жеңіске жетуге күш-жігерімді аямаймын, – дейді жас спортшы.
Бүгінде Саяттың жасы 18-де екенін ескерсек, әлі талай биік белесті бағындырады деген сенім мол.
Балтабай ОРДАБЕКОВ