Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бокстан Азия чемпионатын Серік Теміржанов жеңіспен бастады

Бокстан Азия чемпионатын Серік Теміржанов жеңіспен бастады

Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Қазақстаннан Серік Теміржанов алғашқы болып рингке шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық боксшы 57 келіге дейін салмақта түркменстандық Ихлаз Гылычжановпен жұдырықтасты.
Үш раунд бойы жекпе-жек С.Теміржановтың басымдылығымен өтіп, төрешілер бір ауыздан жеңісті қазақстандық спортшыға берді.

Серік өткен жылы Сербия астанасы Белградта өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған еді. Ол – сондай-ақ жастар арасында Азия чемпионы.

Бүгін сондай-ақ күндізгі сессияда 63,5 келіге дейінгі салмақта Санатәлі Төлтаев өзбекстандық Руслан Абдуллаевпен кездеседі.

Кешкі сессияда Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов 51 келіге дейінгі салмақта үндістандық Спарш Кумармен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатында қазақстандық боксшылардың қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.
02 қараша 2022 ж. 350 0