Жетістігі көп жас спортшы
Ол Тереңөзек кентіндегі №11 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің таеквондо үйірмесіне бес жасынан бастап барды. Өзі де осы спорт түріне барғанды қолай көрді. Әкесі де баласының қабілеті осы жылдам спорт түріне келетінін байқады. Ғани бастапқыда таеквондо үйірмесіне досы Диаспен бірге қатысып жүргенде тым кішкентай болғандықтан, басқа бапкерлер оларды ағаларының жарысын көруге келген екен деп ойлап қалыпты. Олардан болашақта мықты спортшылар шығатынын қайдан білсін?! Сонымен Ғани Шахарбек 0-сыныптан бастап спорт үйірмесіне қатысты. Жаттығудан бірде-бір рет себепсіз қалған емес. Сабағын да үздік оқиды.
Спорт үйірмесінде Ғаниды алғашқы жылы Бақытжан Баймырзаев жаттықтырса, үш жылдан бері ауданға белгілі бапкер Марат Алдабергенов таеквондадан тәлім береді. Ғаниға қашан да қайсарлық тән. Әрдайым алдына қойған мақсатын орындауға ұмтылады. Өз қатарластары арасында үш жыл қатарынан облыс чемпионы атануы – соның айғағы. Осындай ынта мен жігердің арқасында биыл Тереңөзек кентінде өткен ҚР чемпионатына іріктеу сайысында шеберлік танытып, республика чемпионатына жолдаманы ұтып алды. Сөйтіп биылғы жылғы қазанның 3-5 аралығында Астана қаласында өткен ҚР чемпионатына қатысып, 30 келі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Кішкентай спортшы республикалық рингте қарсыластарын бірінен кейін бірін ұтып, ақтық сайысқа шықты. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген. Финалда маңғыстаулық спортшымен сынға түсіп, аз ғана ұпаймен ұтылды. Сөйтіп, «Қазақстанның вице чемпионы» атанды. Сайыстың қорытындысы бойынша ҚР спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады. Тоғыз жасар чемпионның ағасы Айдын да спорт десе ішкен асын жерге қояды. №36 мектеп-лицейдің 7-сыныбында оқитын ол – оқу үздігі. Айдын №11 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақша күреске қатысып, шыңдалып келеді. Аудандық, ауданаралық біріншіліктерде жүлделі орындарды еншілеп жүр. Жастайынан спортқа ден қойып, Сыр елінің даңқын асқақтатуды мақсат еткен болашақ чемпиондардың атасы, ардагер-журналист Шаһарбек Нұрсейтов аудан намысын қорғап жүрген немерелерін мақтан етеді. Денсаулықтары мықты болып, ер жігітке тән мықты спортшы болып өссе деп армандайды.
Ал кішкентай Ғанидың бапкері Марат Алдабергенов жас спортшының таеквондоға деген ынтасы ерекше екенін айтады.
– Ғани кішкентай кезінен осы спорт түріне бейімделіп, бар ынта-жігерін салып келеді. Бұған дейін де талай шыңдарды бағындырып үлгерген спортшының республикалық деңгейде вице чемпион атануы – Сыр елінің қуанышы деп білеміз. Чемпионатқа дейін қызу дайындық болды. Сайысқа республиканың түкпір-түкпірінен таеквондошылар қатысты. Ғанидың салмақ дәрежесінде 40-тан астам бала болды. Бабы мен бағы қатар шапқан Ғаниымыз ақтық мәреге дейін оза шапты. Соңғы шешуші сәтте маңғыстаулық спортшыдан бір ұпай ғана кем шықты. Спорт болған соң түрлі жағдай болады. Ғанидың болашағы алда, мен одан үлкен үміт күтемін, – дейді М.Алдабергенов.
Үлкен шаһардағы ауқымды бәсекеде шағын ауданымыздың намысын қорғап, жеңіс төрінен көрінген Ғани Шахарбекті кезекті жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз. Республика күні мерекесі қарсаңында Сыр еліне лайықты тарту жасаған жас дарынның болашағы жарқын, жеңісі баянды болсын деп тілек білдіреміз.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ