Шығыс жекпе–жегінің шебері
Ежелгі корей елінің тарихында таеквондо ұлттық спорт ретінде маңызды рөлге ие. Заманауи күрес жүйесі саналатын таеквондоның қазіргі таңда кеңінен таралған ережесі ХХ ғасырда пайда болған деседі. 2000 жылы Сидней олимпиадасының бағдарламасына енгізілген шығыс жекпе-жегіне жататын спорт түрі ширақ қимыл мен логикаға негізделген. Әлем елдерінде таеквондомен айналысатын спортшылар көптеп кездеседі. біздің елде де бұл спорт жақсы дамыған. Дүниежүзінде кәсіби тұрғыдан шұғылданатын спортшылар қазақ саңлақтарының мықтылығын мойындайды. Осындай шығыс жекпе-жегінің шеберлерін дайындайтын жаттықтырушылар қатарында сырдариялық Марат Алдабергенов те бар.
Алғаш 18 жасында корей елінің ұлттық спортымен шұғылдана бастаған Марат Алдабергенов өз ісінің шебері. Қажырлы еңбегінің арқасында таеквондоның қыр-сырына қанықты. Жылдамдық пен ықшам қимылдың арқасында талай қарсыласынан басым түсті. Аталған спорттың ережелерін былайғы өмірде қолдануға тыйым салынған. Осыған дейін бірнеше спортшының бағын ашқан бапкер ережеге қатаң бағынады. Күнделікті жаттығу залында екі сағатқа жуық уақытын жұмсайтын білікті маман үнемі өзін шынықтырып отырады. Бүгінде қырық жасқа келсе де, айтулы спорттың күрделі әдістерін еркін орындайды. Ерекше қызығушылықпен келген ол таеквондоның жемісін 20 жылдан аса уақыт бойы көріп келеді. Қызылорда таеквондо федерациясының құрамына кірген спортшы 2000 жылы ҚР спорт шеберлігіне үміткер атанады. Осы жылы Атырау қаласында өткізілген ҚР кубогында 54 келі салмақта ІІІ орынды иеленді. Ал Шымкент қаласында өткізілген Мұстафа Өзтүрікке арналған республикалық біріншілікте І орынға қол жеткізеді.
Марат Болатұлы отбасында 4 ағайынды. Шығыс жекпе-жегінің шебері қазіргі №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің түлегі. Содан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Дене шынықтыру және спорт мамандығын» меңгерген. 2005 жылдан бастап, Марат Алдабергенов аудандық №11 балалар және жасөспірімдер мектебіне жаттықтырушы қызметінде. Байрақты бәсекелерде бағы жанған спортшыға 2007 жылы «Таеквондодан Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы берілген. Ал араға үш жыл салып, кәсіби спортшы жоғарғы дәреже – қара белбеу иегері атанады.
– Спортқа кеш келдім десем болады. Шығыс жекпе-жегімен айналысу – нағыз төзімділік пен мықтылықты қажет етеді. Бастапқыда қиындық соқтырғанымен, кейіннен күрделі жаттығуларға бой үйреттім. Байрақты бәсекелерде аудан абыройын асқақтатуға бар күш-жігерімді салдым. Бүгінде бапкерлік қызметте болсамда, өзімді бар жағынан шыңдаймын. Соның арқасында 2006 жылы жаттықтырушы және спортшы ретінде ҚР кубогінің жеңімпазы атандым.
Ізімнен ерген шәкірттерімнің арасында мықты спортшылар бар. Айта кету керек, шәкіртім Меруерт Көпболсынова бес дүркін ҚР чемпионы. Азия және әлем біріншіліктерінің жүлдегері атанды. Ал Бақытжан Баймырзаев пен Айнара Жеткергенова республикалық жарыстарда жеңімпаздар қатарынан көрінді, – дейді білікті бапкер.
Бүгінде бапкер алпысқа жуық спортшыны дайындауда. Алғашқыда балғындарға таеквондо спортының терминдері түсіндіріледі. Арнайы дәріс барысында әр әдіс-тәсілдің ерекшеліктері оқытылады. Ең алдымен дененің еркін созылуы, аяқтың биік нүктеге серпілуі назарға алынады. Содан кейін баланың денесін техникалық тұрғыдан шынықтыруға көңіл бөлінеді. Физикалық кезеңді бағындырған жас спортшылар жаттықтырушы шешімімен жарыста бақ сынайды. Сонда ғана алға қойған мақсаттың бір бөлігі орындалады.
Осыдан 11 жыл бұрын тәжірибелі жаттықтырушы Марат Болатұлы сәкендік Әсем Нәбиевамен отбасын құрды. Бүгінде жарасымды жұптың 3 перзенті бар. Үлкен ұлы Мәди әкесінің жолын қуып, таеквондомен айналысуда. Ал жары Әсем агро-техникалық колледжде кітапханашы қызметін атқарады.
Аудан намысын қорғап жүрген таеквондошылардың зор жетістігі – кәсіби маманның жемісті еңбегі. Алдағы уақытта тәжірибелі жаттықтырушы Шахризада Сабит, Томирис Ерқанатқызы, Нұрділда Раушанбек бастаған шәкірттерінен үлкен үміт күтеді. Таеквондо мықтыларды шыңдайтын спорт түрі десек, келешек нағыз сыр бермес саңлақтар Марат Алдабергеновтің талантты спортшылары болатынына сенеміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ